Қате қойылған диагноз салдарынан 3 жасар қыз көз жұмды
06 Қыркүйек 2019, 10:12 2196

Қате қойылған диагноз салдарынан 3 жасар қыз көз жұмды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлыбританияның Рейли қаласындағы Эссекс графствосында дәрігерлер 3 жасар балаға қате диагноз қойып, оның өліміне себепші болды, деп жазды Daily Mirror басылымы.

Аоифа Фланаган-Джибб (Aoife Flanagan-Gibb) маусым айынан бері ішінің ауыратынына шағымданып келген. Оның анасы Эйлиш Фланаган (Eilish Flanagan) 3 апта бойы қызын дәрігерге 11 рет апарған. Алайда дәрігерлер болса, 3 апта бойы қыздың іші қатып жүргенін айтып, үйіне қайтарып жіберіп отырған.

«Мен қызымның жағдайы жақсы емес екенін сездім. Себебі, ол денесінің әр жері ауырсынатынын айтып жылайтын. Қызымның шағымдарын айтсам да, дәрігерлер баламды бірде-бір рет қарап тексермеді», - деп түсіндірді қыздың анасы.

Қыздың жағдайы нашарлай түседі. Дәрігерлер науқас қызды қарап тексеру барысында герминогенді ісікті анықтайды.

«Оның бауырында үлкен ісік болды. Ол үлкейген сайын ішекті ығыстырып, оның дұрыс жұмыс істеуіне кедергі келтірген. Біз қызымыздың жағдайы нашар екенін түсіндік», - деді Фланаган.

Дәрігерлер ешқандай ем қыздың өмірін сақтап қалмайтынын, аурудың асқынып кеткенін ескертті.

«Бәрі кеш болды. Олар бізге аурумен күресуге мүмкіндік бермеді», - деді Эйлиш Фланаган.

7 шілдеде Аоифа ауруханада анасының құшағында жатқан күйі көз жұмды. Қыздың жүрегі тоқтап қалды. 

Қайғы жұтқан ана Ұлыбританияда алғаш рет герминогенді ісікке қарсы күресті насихаттайтын қайырымдылық ұйым құруды жоспарлап отыр. Оның мақсаты – адамдарға аурудың белгілерін, оның ерте диагностикасын, сирек кездесетін қауіпті аурудың қандай салдарлары болатынын айтып жеткізу .


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...