Қашықтан оқыту. Әлеуметтік осал топтан шыққан балалар компьютермен қамтылады

24 Тамыз 2020, 11:51
1813
Бөлісу:
Қашықтан оқыту. Әлеуметтік осал топтан шыққан балалар компьютермен қамтылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтандағы әлеуметтік осал топтан шыққан мектеп оқушыларын қашықтан оқыту үшін 34,5 мың компьютер сатып алынады. 

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қалалық тамыз конференциясының онлайн пленарлық отырысында айтты.

Әкімнің айтуынша, тұрмысы төмен отбасыдан шыққан оқушыларды компьютермен қамтамасыз ету үшін шамамен 6 млрд теңге бөлінді.

Елордалық аз қамтылған отбасыдан шыққан оқушыларды қашықтан оқыту кезінде компьютерлермен және интернетпен қамтамасыз ету үшін 6 млрд теңге бөлінді. Бұл халықтың әлеуметтік осал топтарының барлық балаларын қамтуға мүмкіндік береді. Яғни, шамамен 34 500 бала техникамен қамтамасыз етіледі, - деді Көлгінов.

Елордалық барлық білім беру ұйымында жаңа оқу жылы қашықтан басталады. 

Ата-аналардың өтініші бойынша 1-4 сынып оқушылары үшін «кезекші сыныптар» жұмыс істейді. Бұл жағдайда барлық санитарлық шара қатаң сақталады. Мұғалімдердің 30%-ға жуығы штаттық режимде жұмыс істейді. Олар кезекші топтарда сабақ беру үшін жұмысқа шығады, - деді әкім.

Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар қыркүйекте компьютерлермен және роутерлермен қамтамасыз етіледі. 

Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды бірқатар әлеуметтік шара арқылы мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеміз. Жалпыға міндетті оқу қоры шеңберінде әр оқушыға мектеп құралдарын сатып алуға 40 мың теңгеден бөлеміз, 7 мың бала «Мектепке жол» акциясымен қамтылады, - деді Алтай Көлгінов.
Сондай-ақ, балабақшалардағы «кезекші топтардың» жұмысын жалғастыру жоспарда бар. 

Естеріңізге сала кетейік,  жаңа оқу жылында берілетін көмекті кімдер ала алатыны туралы жазған болатынбыз.

Өзгелердің жаңалығы