Қарқаралыда Құнанбай мен Абайға ескерткіш қойылды

31 Мамыр 2019, 09:13
4249
Бөлісу:
Қарқаралыда Құнанбай мен Абайға ескерткіш қойылды

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандының Қарқаралы ауданында Құнанбай Өскенбайұлы мен Абай Құнанбайұлының құрметіне ескерткіш орнатылды. Таза мыстан жасалған мүсіннің биіктігі 4 метрден асады.

Қарқаралының тарихы Құнанбай қажы мен ұлы ақын Абайдың есімімен тығыз байланысты. Бүгінде Қарқаралы төріндегі Құнанбайдың өзі салдырған мешіт пен Абай тоқтаған үй тарихи ескерткіштерге айналып, туристер қызығып тамашалайтын орындардың бірі саналады. Енді міне Құнанбай қажы мешітінің жанында қос тұлғаға арналған еңселі ескерткіш қойылды. Қарқаралы ауданының әкімі қос тұлғаға ескерткіш қою жобасы Қарқаралы ауданында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын 19 жобаның бірі екендігін айтады

«Бүгінде сәулет және тарих ескерткіші болып табылатын Құнанбайдың мешітін көруге жыл сайын мыңдаған адамдар келеді. Себебі Құнанбайдың өзі салдырған мешіт Қазақстанның киелі 100 нысанының тізіміне енген. Енді міне мешіттің жанынан қазақтың ұлы тұлғаларының құрметіне ескерткіш бой көтерді. Құнанбай мен Абайдың бар болмысын ашып тұрған мүсін өте үйлесімді және тарихи мәні жағынан келер ұрпаққа тәрбиелік тағылым жағынан да өте құнды ескерткіш деп есептеймін. Ұлы адамдардың құрметіне ауданымызда ескерткіш ашылғандығы мақтаныш сезімге бөлейді. Құнанбай бабамыз өзі орынын белгілеп кеткен мешіттің жанына ескерткіш орнату біздің парызымыз. Мүсін Абай мен Құнанбай арасындағы сабақтастықты көрсетеді. Енді мешітке келгендер ескерткішті де тамашалай алады», - деді аудан әкімі Халел Мақсұтов.

Қарқаралыда Құнанбай мен Абайға ескерткіш қойылды

Ескерткіштің жалпы биіктігі 4,15 метр болса, Абай бейнесінің бойы 2,7 метр. Таза сары мыстан құйылған ескерткіштің авторлары суретші Сәкен Дәулетбаев пен мүсінші Талғат Байоразов. Ескерткіште қолтығына кітабын қысқан бала Абайдың иығына қолын салып келе жатқан Құнанбай әке бейнеленген.

Өзгелердің жаңалығы