#ҚарағандыЕлбасыменБірге челленджі бастау алды

20 Наурыз 2019, 15:03
2140
Бөлісу:
#ҚарағандыЕлбасыменБірге челленджі бастау алды

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Әлеуметтік желілерде қарағандылықтар #МеніңПрезидентім #ТұңғышПрезидент #ҚарағандыЕлбасыменБірге хэштегтерімен челлендж бастап, парақшаларында Ұлт Көшбасшысымен кездесу кезіндегі әсерлерімен бөлісуде.

Ғаламторда Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысынаң қазақ елі мен халқы үшін жасаған істеріне ризашылығын білдірген, алғыс сөздерін жеткізген жазылымдар жариялануда.

«Президентпен кездесуімді миллион рет көз алдыма елестететін едім. Бұл кездесудің қалай өтетіндігін, не сұрайтындығым жайлы мыңдаған сценарий ойлап табатын едім. Ал, бұл кездесу болған кезде, тіпті атымды да дұрыстап айта алмадым. Нұрсұлтан Әбішұлының қуатты энергетикасы мен жылы жүзі мені есеңгіретіп тастағандай болды. Әлі күнге есімді жия алар емеспін», - деп жазды Фейсбук әлеуметтік желісінде Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің басшысы Марина Шаповалова.

Ұлт Көшбасшысының тұрақтылық пен келісімге негізделген бейбіт ел құра білген көрегендігіне бас иген қарағандылықтар жастарды лайықты азамат болуға шақыруда.

«Тұңғыш Президентіміздің өмірбаяны әр қазақстандық үшін қажымас қайраттың, Отанына деген сүйіспеншіліктің, білім мен батылдықтың, даналық пен қайсарлықтың айқын үлгісі. Өзімді осы әлемдегі ең бақытты адамдардың бірі деп білемін. Президент жүргізген салиқалы саясаттың арқасында өз арманымды жүзеге асырудамын. Еліміздегі бейбіт өмір, достарымның еш кедергісіз білім алуы, ата-анамның қызмет етуі, ата-әжелерімнің лайықты зейнетақы алуы, бауыр-қарындастарымыздың мектеп пен балабақшаға баруы және тағы да басқа жетістіктер бар. Ел жастарының көшбасшы өкілі ретінде барлық жастарды жасампаздық, бейбітшілік және жарқын болашақ жолында лайықты азамат, мақтан тұтарлық тұлға болуға шақырамын. Бірге болайық!», - деп жазды Темірлан Қуатбеков

Фейсбукқа Амангелді Қайратұлы деген атпен тіркелген Жезқазған қаласының тұрғыны былай деп жазады:

«Мен еркін өстім. Ешкімнің алдында басымды имедім. Аяққа тапталып, мазаққа айналмадым. Әр таңым тыныштықпен атты. Не айтқым келеді айттым. Істегім келген нәрсені істедім. Тәуелсіздік жолында құрбан болғандардың аманатын арқалап, бізді өзімен бастап, осы күнге алып келген Президентіме рақмет. Әлі есімде, бірінші сыныпта әліппемен қоштасар уақытта Елбасымыздың «мынау сенің қолыңдағы аяулы....» деп басталатын сөзді дауыстап оқитындарға іріктеу өткізген. Абай екеуміз ғана қалғанбыз. Таңдау соған түсті. Шынтағын үстел үстіне қойған сол бір шынайы бейне содан бері есімде, содан бері көз алдымда. Бүгін мен жыладым. Жыладым да, жаратқаныма жалындым. Елбасының бұл менің соңғы бұйрығым, ұлы халқым, өкілеттілігімді тоқтатамын деген сөздерін тым ауыр қабылдадым. Ұлы адам ғана істей алатын ұлы іс. Ұзақ ғұмыр болсын сізге! Тәуелсіздіктің перзенті ретінде сіз менің тұңғыш президентім болып қаласыз. Мен бұны үлкен мақтаныш, тым асқақ сезімдермен әрқашан да айтып жүретін боламын».

Желі қолданушылары өздерінің ғана емес, ата-аналарының Президентпен кездесуіндегі әсерлерін баяндауда.

«Тәуелсіз Қазақ елінің тариxындағы ғасыр жолы атанған Жезқазған-Бейнеу теміржолының тұсаукесерінде аймақ xалқының атынан Елбасыға ел алғысын жеткізген әкем Батырбек Мырзабеков Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының алдында сөз сөйлеп, ерекше ұмытылмас әсер алғанын үнемі айтып отырады», - деп жазды әлеуметтік желінің тағы бір қолданушысы Мика Мырзабекова.

Бұған дейін, қарағандылық жастардың ҚР Тұңғыш Президентіне Халыққа қызмет етудегі ерік-жігеріне, шынайы отансүйгіштігі мен даналығына рақмет айтқанын жазған болатынбыз.                                                                                                                                              

Өзгелердің жаңалығы