Прокуратура органдарында жаңа тағайындаулар

12 Сәуір 2019, 10:17
2787
Бөлісу:
Прокуратура органдарында жаңа тағайындаулар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Бас прокуратураның ресми сайты хабарлады.

Мемлекет басшысымен келісімі бойынша Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтың ағымдағы жылғы 10 сәуірдегі бұйрығымен Ернат Сыбанқұлов Бас көлік прокуроры болып, Халидулла Дауешов Атырау облысының, Нұрлан Бижанов Қызылорда облысының прокурорлары болып тағайындалды.

Ернат Сыбанқұлов 1973 жылы туған. Прокуратура органдарындағы қызметін 1995 жылы Алматы қаласы Мәскеу ауданы прокурорының көмекшісі болып бастады.

Бұдан кейін Алматы қаласы Медеу ауданы прокурорының аға көмекшісі, Алматы қаласы Түрксіб, Медеу аудандары прокурорының орынбасары, Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының, Алматы қаласы Алмалы, Медеу аудандарының прокуроры, Жамбыл облысы прокурорының орынбасары, Алматы облысы прокурорының бірінші орынбасары болып істеді.

2012-2017 жылдары Жамбыл облыстық прокуратурасын басқарды. 2017 жылдың тамызынан бастап Атырау облысының прокуроры. Прокуратура органдарындағы жұмыс өтілі 23 жылдан астам. Сыныптық шені – 3 сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі. II дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған.

Халидулла Дауешов 1964 жылы туған.

Прокуратура органдарындағы жұмысын 1991 жылы Гурьев облысы Гурьев қаласы прокуратурасының тағылымдамашы болып бастаған.

Әр жылдарда Атырау қаласы прокурорының көмекшісі, Атырау облысы прокуратурасының бөлім прокуроры, бөлімнің аға прокуроры, бөлім бастығы, Бас прокуратура Департаментінің аға прокуроры болып жұмыс істеді.

2002-2016 жылдарда Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының, Атырау облысы Жылыой және Мақат аудандарының, Атырау қаласының  прокуроры, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстары прокурорының орынбасары болып қызмет атқарды.

2016 жылдың маусымынан бастап Қызылорда облысының прокуроры. Прокуратура органдарындағы жұмыс өтілі 27 жылдан астам. Сыныптық шені – аға әділет кеңесшісі. II дәрежелі «Даңқ» орденімен, КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Интернационалист жауынгерге арналған грамотасымен және басқа да жауынгерлік медальдармен наградталған.

Нұрлан Бижанов 1976 жылы туған. Прокуратура органдарындағы қызметін Қызылорда облысы Арал ауданы прокурорының көмекшісі лауазымынан бастаған.

Басшы қызметтерде мол жұмыс тәжірибесі бар. Қызылорда облысы прокуратурасының бөлім бастығы, Жамбыл облысы прокуратурасының басқарма бастығы, Сырдария ауданы мен Қызылорда қаласының прокуроры, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстары прокурорының орынбасары болды.

2017 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Аппараты басшысының орынбасары.

Прокуратура органдарындағы жұмыс өтілі 21 жылдан астам. Сыныптық шені – аға әділет кеңесшісі. «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен наградталған.

 

Өзгелердің жаңалығы