Президент жастар саясаты саласына ерекше назар аударды – Балаева

15 Қаңтар 2021, 12:50
1015
Бөлісу:
Президент жастар саясаты саласына ерекше назар аударды – Балаева

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бүгінгі Парламенттің жалпы отырысында айтылған мәселелерге қатысты ойымен бөлісті.

Бүгін Мемлекет басшысы Парламенттің VII шақырылымының бірінші сессиясын ашу барысында азаматтық қоғамды дамыту, жастар саясатын жандандыру, онлайн-петицияны заңнамалық бекіту сияқты мемлекеттік саясаттың негізгі басым бағыттарына кезекті рет тоқталып өтті. Бұл бағыттардағы жұмыстың сапалы іске асуы – бірінші кезекте елімізде демократия принциптерінің жүйелі дамуына оң ықпал ететіні сөзсіз, - дейді ол. 

Сонымен қатар, ол Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі аталған салалардағы жұмыстың заңнамалық тетіктерін реттеу бойынша белсенді жұмыс атқарып келе жатқанын жеткізді. 

Атап айтқанда, біздің Министрлік қоғамдық бақылау жөніндегі Тұжырымдама мен Заң жобасын әзірледі. Заңнамалық база – азаматтық қоғамның жұмысын ары қарай жандандырып, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ететін болады. Сондай-ақ, Министрлік жанынан 71 адамнан тұратын үлкен Жұмыс тобы құрылды. Оның құрамында Евгений Жовтис, Татьяна Зинович, Акиф Сүлейменов, Рустам Ашигалиев, Зауреш Батталова сияқты басқа да кәсіби құқықтанушылар мен сарапшылар бар, - деді Балаева.   

Сөз арасында ол Президент жастар саясаты саласына да ерекше назар аударғанын айтты. Атап айтқанда, «Жастардың даму индексі» жүйесін енгізуді және «Жастардың әлеуметтік қызметтері» ұғымын заңмен бекітуді тапсырған.

Бүгінгі таңда, біздің Министрлік еліміздің барлық өңіріндегі жастар саясатына қатысты мәселелерді анықтап, оларға жан-жақты талдау жұмыстарын жүргізуде. Бұл өз кезегінде жастар саясаты саласындағы заңнамалық нормаларды сапалы әрі тиімді әзірлеуге өз септігін тигізетін болады. Бұл орайда, депутаттық корпус пен Министрлік арасындағы өзара байланыс алдағы уақытта да өзара әріптестікте жалғасып, Мемлекет басшысы тапсырған міндеттерді уақытылы әрі толығымен орындауға мүмкіндік береді деп сенемін, - деді министр.

Өзгелердің жаңалығы