Бас жаңалықтар
Президент кеңесшісі Ұлттық кеңестің атқарып жатқан жұмысы туралы айтты
17 Қазан 2019, 10:27 324

Президент кеңесшісі Ұлттық кеңестің атқарып жатқан жұмысы туралы айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы президентінің кеңесшісі, саясаттанушы Ерлан Қарин Ұлттық кеңестің қазіргі таңда атқарып жатқан жұмыстары жайлы айтты.

"Кеше Ұлттық кеңес аясында елордада бірнеше шара өтті. Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Тимур Сүлейменовтің төрағалығымен Ақордада Ұлттық кеңестің экономикалық реформалар тобының мүшелерінің қатысумен кіші және орта бизнесті қолдау, жер реформасы мен квазимемлекеттік секторды жетілдіру мәселелері талқыланды", - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында. 

Оның айтуына қарағанда, аталған жиынға Қаржы, Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен "Атамекен" ҰП, "Самұрық-Қазына", "Бәйтерек", "ҚазАгро" қорларының өкілдері қатысқан. 

"Үкімет үйінде вице-премьер Бердібек Сапарбаев Ұлттық кеңестің әлеуметтік-мәдени тобының мүшелерінің қатысуымен адами капиталдың дамуы, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларына қатысты кеңес мүшелерінің ұсыныстарын талқылаудан өткізді. Бұл кездесулер қоғам өкілдері мен мемлекеттік органдар арасында көтеріліп жүрген өзекті мәселелер бойынша өзара пікір алмасып, позицияларды жақындатуға мүмкіндік береді. Көптеген сұрақ бойынша ортақ ұстаным қалыптасуда, жалпы үрдіс жаман емес", - дейді Ерлан Қарин. 

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы Ұлттық кеңес мүшелерін қабылдағаны туралы хабарлағанбыз.


Фото: дереккөз
Загрузка...