Тұрғымбаев: Полиция жұмысын тиімді ету үшін қоғам ұсынысын тыңдауға әзірміз

9 Маусым 2020, 13:50
1831
Бөлісу:
Тұрғымбаев: Полиция жұмысын тиімді ету үшін қоғам ұсынысын тыңдауға әзірміз

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев халыққа есеп беру кездесуінде құқық қорғау органдарының тиімділігін арттырғысы келетін азаматтармен бірлесе жұмыс істеу үшін әлеуметтік желінің мүмкіндіктерін пайдаланып жатқандарын айтты.

Оның айтуынша, жұртшылықпен қарым-қатынасты жақсарту үшін учаскелік инспекторлар халыққа есеп беру жұмыстарын жүргізуді қолға алған. Осындай шаралар кезінде азаматтардан құқық қорғау органдарының жұмысын тиімді етуге бағытталған өтініштер мен ұсыныстар келіп түсе бастаған. 

Департамент басшылары мен аудандық органдардың басшылары 400-ден астам есептік кездесу өткізді. Осы кезде азаматтардан мыңға жуық ұсыныс келіп түсті. Оның көпшілігі жүзеге асырылды. Сонымен қатар, ІІМ-нің блогы да белсенді жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері оған 2 мыңға жуық адам жүгінген. Олардың қатарында заңға қатысты өтініштер, жол қозғалысы ережесін бұзу және қылмыстық тергеу ісіне қатысты өтініштер болды, - деді министр. 

Сондай-ақ, ол Полиция департаменті басшылары әлеуметтік желідегі аккаунтында тікелей эфирлер жүргізіп, халықпен байланыс орнатып жатқанын айтты. 

Одан бөлек халықпен байланыс орнату үшін Polisia.kz порталы іске қосылды. Бұл жерден азаматтар расталған нақты мағлұматтарды ала алады. Оның ішінде сұрақ-жауап бөлімі жұмыс істеп тұр. Оған жолданған сұрақтардың ешқайсысы жауапсыз қалмайды. Қазіргі таңда бұл сайтқа күніне 15 мыңдай адам кіреді, - дейді Тұрғымбаев. 

Сөз арасында ол полиция жұмысын жақсартқысы келетін азаматтармен бірлесе жұмыс істеу үшін әлеуметтік желінің мүмкіндіктерін пайдаланып жатқандарын жеткізді. 

Кешеден бастап Фесбукте қоғамның ұсынысын тыңдау үшін онлайн қабылдауды іске қостық. Біз құқық қорғау органдарының жұмысын тиімді ету бағытында ұсыныстар мен өтініштерді тыңдауға әрі ашықтықты қамтамасыз етуге әзірміз, - деді ол.

Бұған дейін министр ІІМ көрсететін қызметтердің 83%-ы электронды форматқа көшкенін айтқан болатын.


Өзгелердің жаңалығы