Педагогтер арасында көлік саласы бойынша үздіктері анықталды

7 Желтоқсан 2021, 16:44
854
Бөлісу:
Педагогтер арасында көлік саласы бойынша үздіктері анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Көлік және байланыс саласы бойынша педагогтер арасында өткен республикалық кәсіби шеберлік байқауының жеңімпазы белгілі болды. Бас жүлде Павлодар техникалық сервис колледжінің оқытушысы Рүстем Миникеевке тиесілі. 

Магистр Рүстем Ермекұлы автокөлікке техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану бойынша арнайы пәндерден сабақ береді. Мұғалім әкесі механизатор болғандықтан бала кезінен техника мен көлік түрлеріне қызығушылық танытқанын айтады. Оқытушы ретінде Германияда, Чехияда тағылымдамадан өтіп, жинаған тәжірибесін әріптестерімен бөлісіп жүр.

Колледжде он бес жылдан астам уақыт сабақ беремін. Маған студенттерді оқыту, оларға жаңа білім мен дағдыларды үйрету ұнайды. Соңғы жылдары студенттердің көпшілігі «Автокөлікті жөндеу және пайдалану» мамандығына қызығушылық танытып отырғанын атап өткім келеді. Колледждерде оларды оқыту үшін барлық жағдай жасалған. «Жас маман» бағдарламасы бойынша жаңа жабдықтар сатып алынып, студенттер жаңа зертханалар мен шеберханаларда оқып, еліміздің жетекші кәсіпорындарында тәжірибеден өтуде, – деп атап өтті мұғалім.

Байқау Қостанай автомобиль көлігі колледжінің базасында өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен колледж педагогтері қатысты. Олар өздерінің кәсіби шеберліктерін, студенттерді оқытудың жаңа білім беру технологиялары мен инновациялық әдістерін көрсетті. Нәтижесінде үздік педагогтер мен өндірістік оқыту шеберлері анықталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ҚР Білім және ғылым министрлігінің грамоталары мен сертификаттары табысталды.

Өзгелердің жаңалығы