Бас жаңалықтар
Павлодарлықтар пәтерлерінің суып кетуіне шағымдануда
07 Ақпан 2019, 14:38 720

Павлодарлықтар пәтерлерінің суып кетуіне шағымдануда

Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде қыс қаһарына мінді. Қатты аяз салдарынан тұрғындар тарапынан коммуналдық қызмет мекемелеріне шағымдар көбейді. Азаматтар пәтерлерінің суып кеткеніне алаңдаулы.

Соңғы екі күннің ішінде қала әкімінің блог-тұғырманамас, сондай-ақ, әлеуметтік желілерге 100-ге жуық шағым түскен. Қазіргі уақытта шұғыл түрде жұмыс топтары құрылып, азаматтардың өтініші бойынша жылу жүйелері тексеріліп жатыр.

Павлодар қалалық тұрғын үй ниспекциясының сектор меңгерушісі Нұрлан Рашитовтың айтуынша, энергетиктер, тұрғын үй инспекциясы мен ПИК қызметкерлері үш топқа бөлініп, облыс орталығындағы баспаналарды аралауда. Басты мақсат - жылу тарату жүйесінің жұмысымен танысып, олқылықтарды анықтау.

«Кей үйлердегі пәтерлердің температуралық резжимі бұзылған. Мысалы, жатын бөлмедегі температура +22С болу керек болса, кей үйлерде +17С-ге төмендеген. Сонымен қатар, көпқабатты үйлердің ішкі желілері дұрыс жұмыс істемейді. Яғни, жұмысты реттеуде олқылықтар анықталып жатыр. Біз өз тарапымыздан жылу таратушыларға ұсыныстарымызды айтып, ақауларды жою үшін уақыт бердік. Олар тиісті шараларды қолданады», - дейді Нұрлан Рашитов.

Сала мамандарының айтуынша, екі күнде түскен 70 шағымның 20-сы расталды. Мәселен, Усолка шағын ауданындағы 7 подъездті 9 қабатты үй суып кетті. Осындай тағы 3 нысанға жылу нашар беріліп жатыр.

Айта кетейік, кінә тек коммуналдық қызмет мекемелері тарапынан емес. Тұрғындардың салғырттығынан үйлердегі жылу сақталмай қалуда. Мамандардың айтуынша, тексеріс нәтижесінде пәтерлердегі батареялардың температурасы нормаға сәйкес болғанмен, терезелері жылытылмаған. Подъездтердегі терезелер де сондай жағдайда.

Бүгінде Павлодар қаласында орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 1300-ден астам көпқабатты үй бар.

Фото: автор
 Ақмаржан Әділбек

Сізден жаңалық