Бас жаңалықтар
Павлодарлық дәрігерлер 58 жастағы пациенттің жүрегіне хирургиялық криоабляция жасады
22 Ақпан 2019, 09:20 489

Павлодарлық дәрігерлер 58 жастағы пациенттің жүрегіне хирургиялық криоабляция жасады

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодарлық кардиохуриргтер 58 жастағы азаматшаның жүрегіне бірегей операция жасады. Білікті мамандар «хирургиялық криоабляция» деп аталатын әрекеттің әдіс-тәсілін меңгеріп алған.

Облыстық кардихирургиялық орталығының бөлім меңгерушісі Алмас Антикеевтің айтуынша, осы тектес оталар жүрек қағысы бұзылған пациенттерге жасалады. Айта кетейік, операцияның күрделі түрі елімізде Павлодарда ғана жасалады. Ашық жүрекке жасау әдісі елімізде ғана емес, Еуропа мемлекеттерінде бірнеше жыл бұрын ғана қолданысқа енген. Бүгінгі күнге дейін өңірде осы тектес бес ота жасалыпты.

«Операция барысында аргон газы қолданылады. Бұл газ электродтар арқылы жүректі -140-160 градусқа дейін мұздатады. Жүрек жолдары арқылы белгілі бір учаскелері электр өткізгіштігін жоғалтады. Кейін жүректің бұрынғы қағысы қалыпқа келіп, сырқаттың денсаулығына зақым келмейді», - дейді Алмас Антикеев.

58 жастағы зейнеткер сегіз жыл бойы жүректің созылмалы ревматикалық ауруына шалдығып, инсульт алған. Сонымен қатар, жүрек жетіспеушілігінен зардап шегуде. Бүгінгі күні сырқат үйіне оралды. Денсаулығы тұрақты сипатқа ие.

Мамандардың айтуынша, тіркелген сырқаттардың 20% жүрек ритмінің бұзылуынан зардап шегеді. Бүгінде жергілікті дәрігерлер 50-ден астам операцияның инновациялық тәсілдерін жетік меңгерген. Былтыр кардиохирургиялық орталықта 6 мыңға жуық сырқат ем алған. 2500-ге жуық жүрекке ота жасалған. Хирургиялық әрекеттердің 735-сі ашық жүрекке тиесілі.

 Ақмаржан Әділбек

Фото автордікі

 

 

 

 

 

 

Сізден жаңалық