Павлодар қаласының тұрғындары рұқсат етілмеген қоқыс орнын тазартты
PHOTO
3 Мамыр, 17:45 507

Павлодар қаласының тұрғындары рұқсат етілмеген қоқыс орнын тазартты

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. 1500 павлодарлық бір мезетте далаға шығып, облыс орталығындағы үлкен қоқыс орнын жоюға атсалысты.

Стихиялық полигон Шығыс шағын ауданындағы көпқабатты үйлер мен қалалық зират аумағында пайда болды. Тұрғындардың айтуынша, құрылыс заттары мен қатты тұрмыстық қалдықтар жылдар бойы жиналып қалған.

Қоршаған ортаға бейжай қарамай, еңбекке араласқандардың қатарында қоғамдық бірлестіктердің белсенділері, табиғат жанашырлары, мемлекеттік қызметшілер, мәдениет саласының мамандары атсалысты. Сонымен қатар, арнайы техника жұмылдырылып, 1200 тонна қоқыс шығарылды.

Стихиялық қоқыс орны 62 гектарлық аймақты алып жатыр. Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов бұл үлкен территорияны пайдалану бойынша қоғамдық белсенділермен ақылдасуды ұсынды. 

Болашақта осы жерде саябақ пайда болуы мүмкін. Бастапқы кезеңде қоқыстан тазартып алуымыз керек.  Шығыс шағын ауданында демалыс орны жоқ, сондықтан, бұл бағытта жұмыс істеуіміз керек. Осы орында тазалық мәдениетін дамытуымыз қажет, – дейді облыс әкімі.

Жалпы, облыста қоқыс мәселесі жыл сайын көтеріледі. Облыстық жер қойнауып пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы мамандарының мәліметінше, өткен жылы 500-ге жуық рұқсат етілмеген қоқыс орны анықталған. 

Олардың 81-і – облыс орталығында болды. Қоқыс үйінділерінің барын әуеғарыштық мониторинг анықтады. Барлық деректер бойынша тиісті шара қолданылып, кінәлілер жауапқа тартылды. Стихиялық орындар әдетте қала орталығынан тыс жерлерде, өнеркәсіптік аумақтарда пайда болады. Облыс халқы қалдықтар бойынша шағымдарын бірыңғай желіге хабарлай алады, – дейді басқарманың бөлім басшысы Аңсар Әлешов.

Айта кетейік, өңірде бір ай бойы тазалық марафоны ұйымдастырылды. 


Фото: автордан
Загрузка...