Павлодар облысында қазақ тілінің аясын кеңейту үшін тіл жасақтары құрылады

27 Ақпан 2020, 17:05
1252
Бөлісу:
Павлодар облысында қазақ тілінің аясын кеңейту үшін тіл жасақтары құрылады

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде мемлекеттік тілдің аясын кеңейту үшін кешенді жоспар әзірленген. Мамандар негізгі үш ұстанымды белгілеген. 

Облыстық мәдениет және тідерді дамыту басқармасы мамандарының айтуынша, "Тілдің қолданысына қажеттілік тудыру", "Қоғамдық белсенділікті күшейту" және "Мотивациялық кездесулер ұйымдастыру" атты ұстанымдар бар.
Қазақ тілі қоғамдық орын, қызмет көрсету орталықтарында үстем болу керек. Әр адам өз туған тілінің жанашыры атану керек. Сондықтан, аймақта қоғамдық ұстанымдары жоғары азаматтардан құралған "тіл жанашырларының әскерін" жасақтамақпыз. Біз өңірде өткізілген шаралардың формаларын сарапқа салдық. Тілді дамытудың бірден бір тиімді жолы - мотивициялық кездесулер. Бүгінгі таңда тұрғындарды "қазақ тілін білетін", "білмейтін" және "білсе де, сөйлегісі келмейтін" деген топтарға бөліп қарауға болады. Себебі, мемлекеттік тілдің мән-маңызын әркім түсіне білмейді. Ол үшін шешен спикерлерді әзірлемекпіз, - дейді басқарма басшысы Ернұр Дәуенов.

Тіл аясын кеңейтудің тағы бір жолы - тіл жасақтарын құру. Алдағы уақытта облыстың әр қаласы мен ауданында волонтёрлер отрядтары құрылады.

Еріктілер жылына орай басқарманың жанынан тіл волонтёрлерінің облыстық және қалалық жасағы құрылды. Енді аудандарда да пайда болады. Біз ұсынатын идеологема - Павлодар облысының қазақ тілін жетік білетін әрбір тұрғыны – тіл еріктісіне айналуы қажет. Оларды ірі шараларға жұмылдыратын боламыз, - дейді басқарма басшысы.

Айта кетейік, облыста "Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын" жүзеге асыру нәтижесінде қазақ тілін меңгергендердің үлесі 87%-дан асқан. Ал үш тілді меңгергендердің үлесі 22%-ға жетті. Жалпы, соңғы үш жылда
35 мыңнан астам тұрғын қазақ тілі курстарына қатысқан.


Өзгелердің жаңалығы