Бас жаңалықтар
Павлодарда 89-дағы қария некелескен
27 Ақпан 2019, 22:29 561

Павлодарда 89-дағы қария некелескен

Павлодар, BAQ.KZ. Өңірде өткен жылы некеге отырған ең ересек қалындықтың жасы 87-де болса, ең ересек күйеу жігіттің жасы 89-ға толған. Бұл туралы «2018 жылғы Павлодар облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы» тақырыбында өткен баспасөз конференциясында статистика департаментінің басшысы Жеңіс Шақатов мәлім етті. 

"2018 жылы қаңтар-желтоқсан айларында АХАЖ органдарының қызметкерлерімен некеге отыру бойынша және некені бұзу туралы 3161 акті толтырылған. Отбасын құру фактілері 4,9 пайызға, ажырасу 0,3 пайызға азайған. Ең жас жұпқа тоқталатын болсақ, мұндай 10 неке тіркелген. Қыздардың жасы 16-да, жігіттің жасы 17-де. Екінші жыл қатарынан ажырасу бойынша Павлодар облысы елімізде екенші орын алатынын айта кеткен жөн" - дейді Жеңіс Шақатов. 

Статистика департаменті мамандарының айтуынша, 90-ға қараған ерлі-зайыптылар бірге тұрғанымен, мұрагерлікті рәсімдеу үшін жасы келген кезде заңды некеге тұрған.  

АХАЖ бөлімі ұсынған мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы 11856 сәби дүниеге келген. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 190 балаға аз. Олардың 6057-сі ұл бала, 5799-ы қыз бала. Өңірде дүниеге келген үшемдердің саны – біреу, егіздер – 121. 

Сондай-ақ, дүниеден озған 7337 адамның 53,6 пайызын ер адам, 46,4 пайызын әйел адам құрайды. Өлім көрсеткішіне көбінесе 19,5 пайызбен қан айналымы, 13,2 пайызбен қатерлі ісік және 11 пайызбен тыныс алу жолдары аурулары себеп болған. 

Еске сала кетейік, 2019 жылы қаңтарда алғашқы үшем перинаталдық орталықта дүниеге келген. Балалар жоспарлы кесарь тілігі арқылы жүктіліктің 34-ші аптасында ота жасалып алынған болатын. Жаңа туған сәбилердің салмағы шамамен 2 160, 2 090 және 2 300 грамм тартты.

Загрузка...