Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада карантин кезінде Қоғамдық тәртіп бойынша қала аумағында патрульдік бақылау күшейтіледі.
Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов ОКҚ онлайн-брифингінде айтты.
Сонымен қатар, қала басшының айтуынша, сауда-ойын сауық орталықтарында, базарлар және коммуналдық шаруашылық, тамақ өнеркәсібі, қоғамдық тамақтану жерлерінде, ХҚКО-да, вокзал, әуежай, қонақүй және т.б. санитарлық-дезинфекциялық режим күшейтілген.
Алтай Көлгінов медициналық тексеруден бас тартқан азаматтар жауапқа тартылатынын да ескертті.
Медициналық тексеруден өтуге және емдеуден бас тартқан, карантин режимін сақтауға бей-жай қарап, эпидемиологиялық және т.б. жағдайды анықтауда қолында бар мәліметтерді жасырған кісілерге бақылау күшейтіледі және оған жауапкершілік бар екенін ұмытпайға шақырамыз, - деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі.Айта кетсек, коронавирус инфекциясының жылдам таралуына байланысты Нұр-Сұлтан қаласында карантин енгізілді. Осыған байланысты елорда әкімі мәлімдеме жасап, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Оның айтуынша, қазір елордадағы стационарда 318 адам карантинде жатыр. Сонымен қатар, ол медициналық қызметкерлер коронавирус инфекция жұқтырды деген күдігі бар жағдайда пациенттермен жұмыс істеуде нақты іс-әрекеттер тәртібін жақсы білетінін де айтты.
Бұдан бөлек қала әкімі елордадағы қалған мейрамхана, бар тағы басқа күнделікті қажет емес мекемедер уақытша жұмысын тоқтататынын мәлімдеп, барлық ұйымдардың басшыларына қызметкерлерінің 70 процентін қашықтықтан жұмыс жасауға шақырды.