Парижде қазақ тілін үйрететін курстар жүргізілуде

21 Ақпан 2019, 17:48
1935
Бөлісу:
Парижде қазақ тілін үйрететін курстар жүргізілуде

Алматы, BAQ.KZ. Париждегі қазақ тілі курстарын отандастарымыз ашқан. Алғашында олар Түркия орталығында істеп, кейін Қазақстан елшілігінің қарамағына өткен. Бұл туралы «Хабар 24» мәлім етті.

Бүгін Халықаралық ана тілі күні атап өтілуде. Сирек әрі жойылып бара жатқан тілдер мәселесіне назар аударту үшін ЮНЕСКО 30 жыл бұрын осы мейрамды жариялаған болатын.

Еуропадағы тұңғыш қазақ мәдени орталығы тек тіл үйретіп қана қоймай, қазақ тарихы мен мәдениеті, халықтың салт-дәстүрлерімен де таныстырады.

Сорбонна университетінің тарихшысы Клер Димаш Құдайбергеннің өнерінен кейін мәдениетімізге қызығушылық таныта бастаған.

«Батыс мәдениетінде біз заманауи технологияларға тәуелдіміз, табиғатпен байланысымыздан айырылдық. Ал Қазақстанда бұл байланыс үзілген жоқ. Кең байтақ жеріңіз бар, айналадағы ортамен тығыз қатынастасыз. Қазақ тілін естігенде даладағы желдің үнін, бүркіттердің даусын елестетемін. Бұл – нағыз сазды тіл», - дейді Клер Мабир Ля Кай.

Ал Парижде тұратын Шарль қазақ тілін бір жылдан бері меңгеріп жүр. Кәсіби аудармашы болып істейтін ол Еуропаның 6 тілінде еркін сөйлейді. Енді қазақ тілін де осы деңгейде меңгеруге ниетті.

«Маған қазақ тілінің логикасы өте ұнайды, тілдің грамматикасы, тілдің дыбыстары қызықтырады. Мысалы, қ, ғ, ұ», - дейді Шарль Снежко.

Қазақ тілін үйренгісі келетіндер енді Қорқыт ата орталығына келе алады. Игі бастаманы қолға алғандар болашақта қазақ, орыс және француз тілдерінде балаларға арналған кітаптар шығармақ.

Өзгелердің жаңалығы