Өзбекстанда қазақ-өзбек әскерлерінің бірлескен жаттығуы өтті
24 Қараша 2021, 09:43 229

Өзбекстанда қазақ-өзбек әскерлерінің бірлескен жаттығуы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан мен Өзбекстан әскерлерінің Ауған шекарасы маңындағы «Ынтымақтастық-2021» оқу-жаттығу жиыны аяқталды.

Соңғы күні екі елдің жауынгерлері қауіпті қарулы топтың көзін жою тапсырмасын орындады. Өзбекстанның оңтүстігіндегі Термез полигонындағы бірлескен жиынға Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери техникалары мен 100-ден астам сарбазы қатысты. 

Өзбек-ауған шекарасы. Ұзындығы небәрі 144 шақырым. Шекараның барлық бөлігі Әмудария өзенінің бойымен өтеді. Екі ел арасында ұшақпен немесе мына жалғыз көпір арқылы қатынауға болады. Бұның бұрынғы атауы «Достық» болса, қазір «Хайратон» деп аталады. 10 жыл бойы Ауған жеріндегі мәні жоқ соғысқа қатысқан кеңес әскері 1989 жылы дәл осы көпір арқылы елге қайтқан болатын. Ал тамыз айының ортасында тәліптер билікке келгенде босқындар мен ауған әскерилері осы көпір арқылы Өзбекстанға қашқан. Қазір бұл маңай тынышталды. Дегенмен сақтықта қорлық жоқ. Алда-жалда ел басына күн туа қалғанда сарбаздарымыз бес қаруын асынып, сақадай сай болу керек. Сол себепті Қазақстан мен Өзбекстан әскерилері Ауғанстан шекарасы маңында оқу-жаттығу жиындарына кіріскен болатын. 

1,5 мың адамнан құралған террористік топ Өзбекстан шекарасын заңсыз кесіп өткен. Оны ұшқышсыз ұшу аппараты анықтады. Қарулы қақтығыс болып, 1 шекарашы жарақат алған. Дәл осындай аңызбен қазір Өзбекстанның Термез полигонында қазақ-өзбек әскерилерінің бірлескен оқу-жаттығуы өтіп жатыр. Мына жерде мінекей командалық пункт жайғасқан. Дәл осы жерде орталықтан полигонда жайғасқан барлық солдаттарға пәрмен берілуде.

Ең әуелі заңсыз қарулы топқа қарсы әуеден авиация оқ жаудырды. Қазақстанның  СУ-30СМ жойғыш ұшақтары белгіленген жердегі нысанаға дөп тиіп, лаңкестердің көлік колоннасын жойды. Кейін іске артиллерия кірісіп, өз әуселесін көрсетті. 

Термез полигонындағы жаттығу кезінде екі елдің жауынгерлері қарсыласқа үш жақтан шабуыл жасау тактикасын таңдаған. Қазақстандық сарбаздар террористерге орталықтан оқ жаудырса, өзбектер қос қапталдан қарулы топқа қарсылық танытты.

Оқу жаттығудың мақсаты шекара әскерлеріне көмек беру болып табылды және екі мемлекеттің жалпы әскери құрамдары арнайы іс-әрекеттер өткізіп, сырттан келген жауға тойтарыс берді, – деді 35748 әскери бөлімі командирінің жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары Самат Қапашев.

Екі елдің бірлесе әрекет еткен жаттығуын Қазақстан мен Өзбекстанның қорғаныс министрлері бақылады.

Қазақстан мен Өзбекстан әскерилері бұған дейін де оқу-жаттығу жиындарын өткізген. Бұл бауырлас екі ел жауынгерлері үшін қажет шара. Осындай жиындарда біз бірлесе әрекет ету тактикасын пысықтап, тәжірибе алмасамыз, – деді Өзбекстан қарулы күштерінің подполковнигі Хамит Юсупалиев.

Өзбек жеріндегі «Ынтымақтастық-2021» жаттығу жиыны қарашаның 17-і күні басталған. Шара барысында белгіленген міндетті мінсіз орындаған қос елдің қарулы күштері басшылықтың жоғары бағасына ие болды. 

Біздің әскерлердің деңгейі жоғары екендігіне көзіміз жетті және де бауырлас мемлекеттің әскерінің жетістіктеріне қанық болып, бір-бірімізден көптеген, бұл осындай оқу-жаттығулардың ең маңызды шарасы ол – бір-бірімізбен алмасу, бір-біріміздің жақсы нәрселерімізді алу. Біз сол мақсатымызға жеттік, – деді ҚР ҚК БАС штабының бастығы – құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Қаныш Әбубәкіров.
Бұл бірлескен оқу-жаттығу жиынының мақсаты – Орталық Азия аймағы төңірегіндегі тыныштықты сақтау. Өйткені, тәліптер билік орнатқан Ауғанстан аумағындағы террористік ұйымдар көрші елдерге көз тігуі бек мүмкін. Сондықтан бауырлас мемлекеттердің қарулы күштері бес қаруын асынып, төнер қауіпке төтеп беруге сақадай сай болуы шарт. 

Фото: дереккөз
Загрузка...