Өскеменде «Тәуелсіздік» монументінің құрылысы басталды

28 Тамыз 2021, 08:35
4483
Бөлісу:
Өскеменде «Тәуелсіздік» монументінің құрылысы басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ШҚО әкімі Даниал Ахметов аймақтың ақсақалдарымен және ҚХА өкілдерімен бірге ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған монументалды кешенге барып, капсула салу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды altaynews.kz.

«Тәуелсіздік» монументі Өскемен қаласының Қазыбек би және І.Есенберлин даңғылдарының қиылысына салынады. Монумент Қазақ мемлекетінің қалыптасу тарихының белгісі ретінде бедерленеді.

Жалпы, композиция биіктігі 12,6 метр және диаметрі 11,3 метр болатын алтыбұрышты тік монументтен тұрады. Төменгі бөлігінде Қазақстанның даму тарихы бар рельеф болады. Монументтің орталық бөлігінде қазақ халқының бірлігі мен тәуелсіздігін білдіретін Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би мүсіндері орналасады. Монументтің екі жағында Қазақ хандығы қабылдаған Жеті жарғы заңдарының үзінділері жазылады. Монументте Қазақ хандығының негізін қалаушылар – Керей мен Жәнібек ханның мүсіндері де орналасады.

Монумент мемлекетіміздің дамуының мәнін ашады. Біз капсулаға мәтін жаздық. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның егемен ел болғанға дейінгі жүріп өткен жолдары туралы айтқан сөздері мен келер ұрпаққа тастаған үндеуі бар, - деді іс-шара барысында Д.Ахметов. 

Барлық мүсіндер қоладан, ал монументтің қабырғалары ақ мәрмәрден жасалады.

Сәулетші және жоба авторы – суретші Сәрсен Сейітов. Жобаны желтоқсан айында тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында аяқтау жоспарланып отыр.


Өзгелердің жаңалығы