Әміржан Қосанов өзінің билікпен байланысын жоққа шығарды

30 Сәуір 2019, 12:52
9386
Бөлісу:
Әміржан Қосанов өзінің билікпен байланысын жоққа шығарды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Ұлт тағдыры» қозғалысы атынан ұсынылған Әміржан Қосанов өзінің билікпен байланысын жоққа шығарып, демократиялық күштердің атынан келіп отырғанын айтты.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы сайлау әділ өтеді деген уәдесін Орталық сайлау комиссиясы жалғастырып жатқан сияқты. Мен соған үміттеніп отырмын. Өйткені сайлау біраз сынақтан тұрады екен. Бірінші құжат сынағынан, екінші тіл сынағынан өттік. Енді міне, қол жинау сынағы тұр. Әрине, біз сайлаудың заңнамасын сынап келе жатырмыз. Сынаймыз. Бірақ шешінген судан тайынбас, бекінген сайлаудан тайынбас. Біз бекіндік", - деді Қосанов ОСК брифингінде.

Ол қоғамдағы, әлеуметтік желідегі "демократиялық күштер арасында осы сайлауға қатысу керек пе, керек емес пе?" деген үлкен пікірталас туралы ойын айтты. 

"Демократиялық күштердің басым көпшілігі, соның ішінде 15 жыл тарихы бар Дос Көшім бастайтын «Ұлт тағдыры» ұйымы өзінің жиынын жасап, мені кандидат ретінде ұсынды. Сондықтан осы сайлауға келіп тұрмыз. Бетіміз ашық. Заңды бұзбаймыз. Заңды өзгертуді талап етеміз. Президент болғанда, ертең Парламентке келгенде бұл "Сайлау туралы" заңды сөзсіз өзгертеміз", - деп айтты кандидат. 

Ол бүгіннен бастап «қолда барды» пайдаланып, қол жинауға кірісетіндерін жеткізді. 

«Дайындықпен келдік. 14 облыс, үш қалада штабымыз бар. Ресми түрде осы сайлауға түсіп отырмыз. Қолды жинаймыз. Дайындық бар. Қазақ «арық айтып, семіз шық» дейді. Уақыт тығыз. Қолдарды тіркеу 11 мамырда бітсе, ОСК оны бес күн тексереді. Сондықтан 6 мамыр күні тапсыруымыз керек. Жәй отырған жоқпыз. Алматыда жиын өткізгенде «Ұлт тағдырының» бүкіл өкілдері келді. Олар сақадай сай. ОСК отырысынан кейін осы жұмысымызды бастаймыз», - деді Қосанов.

Кандидат сайлауалды бағдарламасы қалай боларын нақты айтпады, себебі «сайлауалды үгіт-насихат жүргізді деп», кандидаттар тізімінен шығып кетуі мүмкін екенін айтты. 

«20 жыл бойы Қазақстан демократиялық күштері, Қазақстан оппозициясы – 1999 жылы Серікболсын Әбділдин, 2005 жылы Жармахан Тұяқбай қатысқан, одан кейін де қатысқан барша партиялардың қозғалыстардың негізгі бағыттары – экономика, әлеуметтік сала, адам құқығы, құқықтық жүйе, саяси реформа – осының бәрін жинақтаймыз. Бұл жерде Америка ашудың керегі жоқ. 20 жыл ішінде не айтып келе жатырмыз, соның бәрін жинақтап, алдарыңызға бағдарлама қылып ұсынамыз. 11 мамырда насихатты бастаймыз. Әзір айтпай-ақ қояйын, үгіт-насихат жүргізді деп тізімнен шығарып жіберуі мүмкін», - деп жауап берді ол журналистер сауалына. 

Журналистердің бірі Қосановтан «сынаққа келерде қорқыныш болды ма?» деп сұрады.

«1998 жылы қорыққанмын. Оппозицияға кеткен кезде түн ортасында екіқабат әйеліммен келе жатқанда мені ұрып кеткен. Сол кезде әйелім үшін, ішіндегі балам үшін қорыққанмын. Одан кейін қорықпаймын», - деп жауап берді ол.

Қосанов өз сөзінде билікпен байланысын жоққа шығарды.

«Қазір біраз адамдар бізге «Ақорданың жобасы сайлауға түсіп жатыр» деп айтып жатыр. Мен айтайын, 1999 жылы сайлауға түскен Серікболсын Әбділдин «Ақорданың» жобасы болды ма? 2005 жылы шыққан Алтынбек Сәрсенбай, Жармахан Тұяқбай, Болат Әбілов, мен, Ермұрат Бәпи қатысқан сол «Әділетті Қазақстан» қозғалысы жоба болды ма? Сондықтан шетелде отырған біраз ағайынға айтқым келеді, қойыңыздар. Біз елдің ішінде жүрміз, заңды сынасақ та осы Конституция негізінде әрекет жасаймыз. Ел бар, халық бар. Осы халықтың дауысы билікке жетуі керек. Президентті халық өзі сайлау керек деген оймен келіп отырмыз. Менде қорқыныш жоқ, айналайын. Менде үміт бар. Ол осы билік бізді тіркеу арқылы үлкен қадам жасап отыр. Біраз адамдар «Қосановты тіркей ме, тіркемей ме?» деп айтты. Мәселе Қосановта емес, мәселе – менің өмірбаянымда, артымда кімдердің тұрғанында. Жүрген жерімде Алтынбекті, Заманбекті, осы күнге дейін түрмеде отырған азаматтарды айтам. Осы сайлауға түсіп отырмын. Менің аузымды ешкім жаба алмайды. Тағы да қайталап айтамын, сайлау заңнамасын толықтай мойындап, сынасақ та сол заңнама аясында қызмет жасаймыз», - деді президенттікке үміткер.

Сөз соңында кандидат ендігі кезең – қол жинаудың қиын екенін атап өтті.

«ОСК өкілдері отыр, шынымен де өте қиын. Қазақстан аумағына 5 Франция сияды. Технология бар. ОСК облыстық, аумақтық комиссиялары тікелей байланысқа шығып отыр. Жинау өте қиын. Облыстарда, аудандарда, ауылдарда бізді, Қазақстан оппозициясын, демократиялық күштерін қолдайтын азаматтар бар деп білеміз. Қазір әлеуметтік желі арқылы жастар көп шығып жатыр. Мен оған сенем. Олар жаңашылдықты, сайлауда жаңа леп болса екен, халықтың дауысы шықса екен, әділ бәсеке болсын деп тілеп отыр. Сондықтан сайлаудың өзінің заңдары бар. Соларды орындауға дайынбыз», - деп сөзін түйіндеді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Орталық сайлау комиссиясы Әміржан Қосановтың кандидатурасын Қазақстан президенттігіне үміткерге қойылатын талаптарға сай келеді деп таныды. 

Өзгелердің жаңалығы