Бас жаңалықтар
Онжылдықтың 10 стратегиялық мақсаты
13 Ақпан 2019, 15:24 1427

Онжылдықтың 10 стратегиялық мақсаты

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбе облысындағы «Нұр Отан» партиясының делегаттары бүгін бас қосты. Партияның облыстық филиалының кезектен тыс XXVI конференциясында атқарылған жұмыстар мен жоспарлар талқыланды. Делегаттар партияның 10 басты стратегиялық мақсатымен танысты. 

Ақтөбеліктер алдағы 10 жылда «Нұр Отан» партиясының «Әл-ауқаттық қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» деп аталатын 10 басты стратегиялық мақсатын орындауға дайын. Бүгін өңірде өткен партияның облыстық филиалының кезектен тыс XXVI конференциясында осы мақсаттар таныстырылды. Конференцияға өңір және шаһар басшылары, аудандық филиалдардың өкілдері келді. Жергілікті және аумақтық партия ұйымдарының сайланған 200 делегатының конференцияға 191-і қатысты.

«2030 жылға дейінгі біздің мақсаттарымыздың бірі – халық денсаулығы. Азаматтардың қолайлы өмір сүруі үшін жағдай жасау. «Нұр Отан» партиясы медицина сапасын арттырмақшы. Ел медицинасының әлемдік стандарттарға сай болуын қолға алады. Облыс денсаулық сақтау саласының сапалы емдеу, білікті маманмен қамтылғанын қалайды. Азаматтардың қолайлы өмірі үшін де жұмыс жасау қажет. Жай-күйі жақсы жанның өмірге де, еңбекке де ұмтылысы жоғары. Осы тұста «Нұр Отан» партиясы отандастарымыздың белсенді демалуына, әлеуметтендіруге және дамыған елдердің стандарттарына сәйкес келетін қоғамдық кеңістіктерді қалыптасыруға мүмкіндік беру қажет деп санайды. Бұл мақсат – тұрғындардың баспаналы болуына, қоғамдық ортада әр тұрғынның әлеуметтік жағдайы ескеріліп қана қоймай жақсарту үшін іс-шаралар жүргізілуін сұрайды. Облыста тұрғын үй секторын дамыту бойынша былтыр 24 мың ақтөбелікті баспанамен қамту үшін 908,16 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, «7-20-25» және «Нұрлы жер» бағдарламаларын жүзеге асыру есебінен өңірдегі тұрғын үй құрылысының рекордтық көлемі артты. Алғашқы жарна 20 пайыздан 10 пайызға төмендетілді», - деді "Нұр Отан" партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Жеңісгүл Мұхамбетпаизова.

Конференцияда «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы». Жасампаздық және әлеуметтік даму кезеңі», яғни бүгінге дейін атқарылған жұмыстары қорытындыланды.

«20 жыл – қас қағым сәт. Алайда, осы бір уақыт жолағында «Нұр Отан» партиясы жасампаздық пен біріктіруші күшке, саяси сахнада салмағы басым көшбасшыға айналғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Қоғам мен Президент жүктеген барлық міндеттерді орындау мақсатында «Нұр Отан» маңызды бағдарламаларды қабылдады. 2018 жылдың қарашасында бастауыш партия ұйымдарының бірінші Республикалық форумы өткізіліп, бастауыш партия ұйымдары жұмысын жандандыру тұжырымдамасы бекітілді. Қазақстандықтар игілігіне бағытталған 20 партиялық жобаның табысты жүзеге асырылуы әрқайсымыздың белсенді қызметімізге байланысты. Бұл жобалар қатарында мектеп оқушылары үшін 1000 тегін IT  сынып пен ақпараттық технологиялар саласына білікті мамандар даярлау үшін 20 IT  орталық ашу, геоақпараттық онлайн қызмет порталын құру, мектеп асханалары мен спорт алаңдарын жаңағырту т.б. заман талабымен үндесетін істер бар», - дейді партияның ардагері Ақансері Ермағамбет.

Барар жер, басар тауы қалмаған жұрттың саяси партиялардан үлкен үміт күтетіні анық. Аудандық бастауыш партия ұйымдарында да халықтың әлеуметтік, медициналық, білім саласына қатысты мәселелері көтеріледі. «Нұр Отан» партиясының Ойыл аудандық филиалында қазір 8 бастауыш партия ұйымы бар. 1200-ден көп ойылдық мүше.

«Мәселелері ұзаққа созылып, шешімін таппаған тұрғындар жиі келеді. Қоғамдық қабылдауға келіп, арыз-тілектерін білдіреді. Жуырда жалғызбасты қария үйіне көгілдір отын кіргізуге көмек сұрады. Бұған дейін бірнеше жерге барған екен.  Біз үйге газ кіргізетін компаниямен келісімге отырып, олар демеушілік көрсетті. Яғни, ақсақалдың үйіне көгілдір отын кіргізіліп, мәселе шешілді. Түрлі жағдаймен келетін жандар жетерлік. Бұл тұрғындардың партияға деген сенімін көрсетеді», - деді партияның Ойыл аудандық филиалы төрағасының орынбасары Еркін Жиеналин.

Былтыр 70 мыңнан көп ақтөбеліктің ең төменгі жалақысы артқан. 176 кәсіпорында 32 мың қызметкердің еңбекақысы орта есеппен 10%-ға артты. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» облыста жақсы нәтиже беріп келеді. Ақтөбе облысында 49 761 адам жұмыспен қамтылды. 7 млрд теңгеге жуық қаржы игерілген.

«Облыста жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ды құрайды. Былтыр  20 083 адамы бар 4113 аз қамтылған отбасыға 717,1 млн теңге көлемінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік  көмек  тағайындалды. Мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен қаралған 1824,7 млн теңге игерілді. Мүгедектердің жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес 2018 жылы 12 179 мүмкіндігі шектеулі жан 955,4 млн теңгеге  гигиеналық және техникалық жабдықтармен, протезді-ортопедиялық көмекпен және санатория-курорттық сауықтырумен қамтамасыз етілді. Биыл 38 153 адамды жұмыспен қамту жоспарланды. Атаулы әлеуметтік көмек 25 649 адамға көрсетіледі. Мүгедектердің жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес 13 187 мүгедектерді оңалтудың техникалық жабдықтарымен қамтамасыз ету жоспарда бар», - деді облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов.

Қазір аймақта 208 мыңнан астам жас бар. Түрлі бағдарлама мен жоба аясында мыңдаған жас ақтөбелік жұмыспен қамтылып, жеке кәсіптерін ашып жатыр. «Жастар жылына» орай, облыста биыл 300-ден көп іс-шара өтеді. Оларды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін облыс орталығында жаңа арнайы бағдарлама жүзеге асырылады. Бағдарлама аясында 150 пәтер пайдалануға беріледі.

«Биыл партиямыздың 20 жылдығы, кезекті XVIII съезі. Ақтөбеліктер съезге жақсылап дайындалып, өз абырой-беделімізді асыруымыз керек. Осыдан 27 жыл бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан үшін ең бастысы - экономика, одан кейін саясат» деген еді. Халықтың жағдайын, тұрмысын жақсарту үшін экономика дамуы керек. Экономика дамуының нәтижесі деп халық тұрмысының жақсарып жатқанын 27 жылдың нәтижесі деп айтуға болады. Президенттің қабылдаған бағдарламаларының барлығы да халықтың жағдайын арттыруға бағытталған. Съезде қаралатын негізгі мәселелердің бірі қазақстандықтардың жағдайын жақсарту. Оған біздер де өз үлесімізді қосуымыз керек», - деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

«Нұр Отан» партияның облыстық филиалының кезектен тыс XXVI конференциясында партияның кезекті XVIII съезіне 56 делегат сайланды.

Фото: автор
Әсел Абат
Загрузка...