Банкроттық рәсімдерге қатысты заң жобасы жетілмеген – Өксікбаев

10 Қаңтар 2019, 12:15
8529
Бөлісу:
Банкроттық рәсімдерге қатысты заң жобасы жетілмеген – Өксікбаев

Астана, baq.kz тілшісі. Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Ресубликасының кейбір заңнамалық актілеріне оңалту және банкроттық рәсімдерін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасы таныстырылды. Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев осы заңға қатысты ойын айтты. 

«Әрине, заң жобасында көптеген прогрессивтік тәсілдер көзделген. Алайда, біз мемлекет мүддесін қорғауды да ерекше назарда ұстауымыз керек. Атап айтқанда, жалған банкроттық жағдайға алып келетін тәсілдер бар. Тағы бір пысықтайтын мәселе – ол бухгалтерлік балансқа сүйенуге қатысты. Яғни, олардың деректеріне сүйене отырып, мәліметтерді назарға алу қаралып отыр. Ал шынтуайтына келгенде, осы бухгалтерлік баланстың өзі көп жағдайда нақты емес және кәсіптік деңгейде емес. Сондықтан Қаржы министрлігі бұл мәселені өздерінің бақылауынан жіберіп қойғандықтарын, осы орайда бұл бағыттағы әдіснаманы жақсарту қажеттігі туралы айттым. Өйткені бухгалтерлік балансқа негізделсек, онда ол нақты құжат болуы керек. Әрине, ол өз тарапынан бақылауға жатуы тиіс. Мемлекет өз мүмкіндігімен оның барлығын бақылайтын күші жоқ, сондықтан осы заң жобасына соны бақылайтын жағдайды жасауымыз керек», - деді Өксікбаев Мәжіліс кулуарында берген сұхбатында.

Депутат елімізде бірқатар екінші деңгейлі банк банкротқа ұшырап, жұмыстарын тоқтатқанын да айтты.

«Сол банктерде біздің квазимемлекеттік секторымыздың депозитке салған қаржылары қалып отыр. Ол қаржы қайтарылмаса, мемлекетке зиян келтіріледі. Сондықтан бұл тұрғыда заң жобасы аясында нақтылайтын қадамдар бар. Әрине, заң жобасы жетілген деп айта алмаймыз. Оны пысықтау керек. Жұмыс тобы бұның төңірегінде жұмыс жасайды. Біз әлі нақтылаймыз. Себебі біз қазіргі алып келіп отырған заңды осы қалпымен іске алуға болады деп айта алмаймыз. Біз енді жұмыс істеп, оған көптеген өзгеріс енгіземіз. Қазіргі айтылған кішігірім сұрақтардың төңірегінде де үлкен өзгерістер енгізу көзделіп отыр», - деді Омархан Өксікбаев.

Қымбат Елтайқызы

Өзгелердің жаңалығы