Бас жаңалықтар
Ақтөбе облысы жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері қайтыс болды
11 Шілде 2020, 13:35 247

Ақтөбе облысы жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері қайтыс болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин инфекциялық аурухананың бас дәрігері Қалихан Қозбағаровтың қайтыс болуына байланысты артында қалған туыс-туғандарына көңіл айтты.

Облысымыздың беткеұстар азаматы, ақ халатты абзал жан, инфекциялық аурухананың бас дәрігері Қозбағаров Қалихан Есбосынұлының мезгілсіз қайтыс болуына байланысты қайғырып, көңіл айтамын. Қозбағаров Қалихан Есбосынұлы еңбек жолының көп жылын облысымыздың медицина саласының дамуына және аймақ тұрғындарының денсаулығын жақсартуға арнады. Антына адалдық танытып, әлемді жайлаған індетпен күрес жүргізу жолында өз басын қатерге тігіп, бар күш-жігерін жұмсап, қаншама жанның өмірін сақтап қалды, - деді әкім.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі Үкімет отырысында "Дәрігерлеріміздің денсаулығын сақтау, олардың жұмысқа қабілеттілігі мен ынтасын арттыру – өте маңызды" деген болатын.

Көзге көрінбейтін майданда аянбай күресіп жүрген дәрігерлердің еңбегі өлшеусіз. Біз де өз тарапымыздан облысымыздың дәрігерлеріне жан-жақты қолдау көрсету үшін бірқатар шараны қабылдадық. Қалихан Есбосынұлы көпшілікке қамқор аға, қоғам мен ұжымдастары арасында сыйлы, елі сүйетін ұлағатты жан болатын. Жан-жағына мейірім шапағаты мол, жүрегі жылылыққа толы, білікті басшы Қалихан Есбосынұлының ізгілікті істері мен жарқын бейнесі жадымызда мәңгі сақталады. Артында қалған әулетіне, тума-туыстарына амандық, төзімділік пен сабыр тілеймін. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат болсын! - деді Оңдасын Оразалин өзінің көңіл айтуында.

Ақтөбе жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Қалихан Қозыбағаров кеше қайтыс болған еді.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...