Нұр-Сұлтанда боччадан І республикалық ашық турнир өтті

28 Қараша 2021, 10:19
1488
Бөлісу:
Нұр-Сұлтанда боччадан І республикалық ашық турнир өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Астанада Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында боччадан І республикалық ашық турнир өтті. 

Бұл ашық республикалық турнир осы спорт түрінің дамуына зор үлес қосқан Нұр-Сұлтан қаласы бочча федерациясының президенті болған Сұлтанбек Орынбасаровты еске алуға арналды.

Сұлтанбек Орынбасаров 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласындағы инклюзивті мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген кезден бастап ерекше қажеттілігі бар оқушыларға ерекше қамқорлықпен қарайтын. Бочча спорт түрі жайлы білген соң, 2018 жылдан бастап «Тең мүмкіндіктер әлемі» ҚҚ-да боччадан жаттықтырушы болды. Осыдан кейін елордада бочча федерациясын құрып, балалармен бірге алтын Паралимпиада медалін жеңіп алуды мақсат еткен болатын.  

Нұр-Сұлтанда боччадан І республикалық ашық турнир өтті

Бочча – тірек-қимыл аппараты қатты зақымданған спортшыларға (арбадағы спортшылар) арналған спорт түрі. 1984 жылы паралимпиада бағдарламсына кірген бочча бүгінде әлем бойынша қарқынды дамып келе жатыр. Бочча – доппен ойнайтын петанк пен керлингке ұқсас спорттық ойын.

Жарысқа Ақтау, Атырау, Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Павлодар, Арал, Қарағанды, Ақсу сынды қалалардан БЦП және тірек-қимыл мүшесі зақымданған, аутизм, Даун синдромы сияқты диагнозы бар мүмкіндігі шектеулі ересектер, зағип және нашар көретіндер балалар арасынан 95 спортшы қатысты. 

Жарысқа қатысушылар санының көптігіне былтыр еліміздің 17 қаласында бочча секцияларының ашылуы сеп болды. Бұл игі жобаны «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасын іске асыру шеңберінде «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры өзінің бас серіктесі Samruk Kazyna Trust, сондай-ақ әлеуметтік жоба серіктестері – MYD Production ЖШС және NATO Charity Bazaar жүзеге асырды. Сонымен қатар өңірлерде секциялардың ашылуына Nur Otan партиясы және жергілікті атқарушы органдар «Кедергісіз келешек» партиялық жобасын іске асыру аясында қолдау көрсетті.

Өзгелердің жаңалығы