Бас жаңалықтар
Нұр-Сұлтан қаласы. Қызылжарлықтар астананың жаңа атауын қолдайды
25 Наурыз 2019, 18:24 961

Нұр-Сұлтан қаласы. Қызылжарлықтар астананың жаңа атауын қолдайды

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Петропавлда Наурыз мейрамын тойлауға арналған мәдени шаралар тізбегін мерекелік концерт жалғады. Орталық алаңда жиналған жұртшылық әуезді ән, күмбірлеген күй тыңдап, викториналық ойынға қатысты.

Сахна төрінен сөз алған «Дослық» татар-башқұрт этномәдени орталығының төрағасы Наиль Салимов көпшілікті Елордасы астананың Нұр-Сұлтан деп аталуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

«Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстанның тәуелсіз ел болып қалыптасуының, дамуының басында тұрды. Ол – ұлттар мен ұлыстар арасында татулықты сақтаудың бірегей институтын құрды. Бүгінгі күні әлем картасында Қазақстан – тұрақтылықтың аралы іспетті. Осының барлығы – Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі. Біз Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту ұсынылған тарихи кезеңде өмір сүріп отырмыз. Тұңғыш Президентіміздің есімі астанамыздың атауы болуға әбден лайық», - деп атап өтті Наиль Камилевич.

Аға буынның бұл ойын жастар жағы да қолдады. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Абылайхан Қайроллаевтың пікірінше, Тұңғыш Президенттің ерен еңбегінің арқасында астанамыз мәдениет, спорт және басқа салаларда ірі брендке айналды.

«Астанамыздың атауын өзгерту арқылы еліміздің әлемдік аренада танымалдылығы артады. Бұл Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына қосылуына тың серпін бермек. Сондықтан, бұл шешімнің орынды екенін, қолдайтынымды жеткізгім келеді. Бұл – тарихта қалатын оқиға», - деді Абылайхан Қайроллаев.

Мерекелік концерт барысында көрермендерге қазақ халқының салт-дәстүрі, тарихына байланысты түрлі викториналық сұрақтар қойылды. Сауалдардың жауабын дұрыс тапқандарға бағалы сыйлықтар табысталды. Дәл осындай шара М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде де ұйымдастырылды.



Фото: автордан
Загрузка...