Неге ұйықтап жүрсіз? Министр Нығматулиннен сөз естіді

10 Наурыз 2021, 14:33
4224
Бөлісу:
Неге ұйықтап жүрсіз? Министр Нығматулиннен сөз естіді

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Мәжіліс отырысында бағалы металдардың заңсыз айналымы үшін төрағадан сөз естіді.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде бағалы металдармен және асыл тастармен операцияларды жүзеге асыру ерекшеліктері туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданған.

Талқылау кезінде депутат Альберт Рау министрден бағалы металдардың заңсыз айналымына қатысты жауапкершілікті сұрады.

2016 жылдан бері министрлік тұрақты негізде бағалы металдар айналымы, оны заңсыз шығару мен қай өңдеуге қатысты жаңапкершілікті күшейтуге бастамашылық етті. 2018 жылы Ақмола облысындағы кәсіпорындарда асыл металдарды жымқыру жағдайы болды. Біз сол кезде де бұл мәселені көтерген едік. Қатаң күзетілетін объектілерге кіруге қатысты әкімшілік кодекске айыппұл 2019 жылы енгізілді, -деді Бейбіт Атамқұлов. 

Оның айтуынша, ЕАЭО мүшелерінің әрқайсысында осындай құқық бұзушылыққа қатысты жазалау шарттары әр түрлі. 

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Қазақстанда бағалы металдарды заңсыз айналымға салу баптары қылмыстық жауапкершіліктен босатылғанын, мысалы, Ресей мен Беларуссияда мұндай құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын баса айтты. 

Біздің елде бағалы металдың заңсыз айналымы үшін әкімшілік жауапкершілік ғана бар. ЕАЭО елдерінде жағдай басқа. Мәселен, Ресейде бағалы металдың заңсыз айналымына 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Осы әрекеттер ірі көлемде немесе ұйымдасқан қылмыс түрінде жасалса, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Осыған ұқсас бап Беларусь заңнамасында қарастырылған, - деді Нұрлан Нығматулин.

Оның айтуынша, 2015 жылдан бастап 2020 жылға дейін тек «Қазақалтында» 32 мыңнан астам заңсыз кеншілер ұсталған. 2019 жылдың ақпанынан 2020 жылдың қыркүйегіне дейін 5722 заңсыз кеншілер ұсталып, полицияның қолына табыстаған. Бірақ солардың 80 пайызы қайтадан қылмыс жасаған көрінеді. 

Осы орайда ол қылмыскерлерді әкімшілік қамауға алу немесе 17 АЕК сомасындағы айыппұл тоқтата алмай жатқанын атап өтті. Себебі алтынды заңсыз өндіру, сатып алу, заңсыз саудалау табысты болып тұр.

Сарапшылардың пікірінше, біздің елде заңды түрде өндірілген әрбір үш тонна алтынға заңсыз түрде бір тонна алтын тиесілі. Акционерлер, инвесторлар түрлі шаралар қабылдап жатыр. Ішкі істер министрлігі де белсенді күресуде, бірақ одан жағдай жақсарып жатқан жоқ. Бейбіт Бәкірұлы, сіздің жауабыңызды жаңа естідім. Шынымен де, декриминализация сол жылдары болған, бірақ министрлік те, үкімет те жазаны күшейту туралы ұсыныс жасамады. Ішкі істер министрлігі де, Бас прокуратура да жауапкершілікті күшейтуге қарсы емес, -деді Мәжіліс төрағасы.

Министрдің осы құқық бұзушылықтар үшін жазаны күшейту қажеттілігі туралы жауабын тыңдап, Мәжіліс спикері министрліктің неге мұндай ұсыныстар жасамағаны туралы сұрақ қойды.

Сонда не күтіп жүрсіз? Неге ұйықтап жүрсіз? ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қай тарапты қолдап тұр деген сауал туындап отыр. Неге қажетті қадамдар жасалмаған? Өкілетті орган ретінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бағалы металдың заңсыз айналымы үшін жазаны күшейтуге бірінші кезекте мүдделі болуы тиіс, -деді Нұрлан Нығматулин.


Өзгелердің жаңалығы