Бас жаңалықтар
Назарбаев ұстанған бағыттың жалғасын табуы маңызды – Қырғызстан СІМ орынбасары
04 Мамыр 2019, 09:54 517

Назарбаев ұстанған бағыттың жалғасын табуы маңызды – Қырғызстан СІМ орынбасары

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ниязалиев Нуран Садырович Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық туралы пікірін білдірді.

Оның сөзінше, Қырғызстан мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіз мемлекеттер Достастығы, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы және Еуропадағы қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымы сияқты халықаралық ұйымдарға мүше мемлекеттер. Оған қоса 2015 жылдан бастап елдерімізді Еуразиялық Экономикалық Одақ сияқты беделді халықаралық ұйым біріктіріп отыр.

"Сондай-ақ, осы жылы Қырғыз Республикасының ШЫҰ, ҰҚШҰ және Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінде төрағалығы шеңберінде болатын іс-шараларға Қазақстан Республикасы белсенді қатысып жатқанын атап өткім келеді", - деді Нуран Ниязалиев.

Қырғызстанның СІМ бірінші орынбасары берген мәліметке сүйенсек, бүгінде Қазақстан Қырғызстанның негізгі сауда әріптесі. Қазіргі таңда Қазақстанда және Қырғызстан аумағында 600-ден астам бірлескен кәсіпорындар бар. Екі ел өңірлері арасындағы байланыстар да даму үстінде. Өңіраралық ынтымақтастық екіжақты сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты ұлғайтудың негізгі факторы болып саналады. Соңғы жылдар ішінде Қазақстан мен Қырғызстанның 4 облысы (Ыстық-Көл және Алматы облыстары; Ош және Жамбыл облыстары; Талас және Қарағанды облыстары; Шу және Оңтүстік Қазақстан облыстары; сондай-ақ екі ел астаналары Бішкек пен Нұр-Сұлтан қалалары) арасында бауырластық қатынастар туралы келісімге қол қойылған.

"2017 жылы Қырғызстан Президенті С.Жээнбековтің Астанаға (Нұр-Сұлтан – ред.) сапары кезінде мемлекет басшылары екі ел арасындағы сауда айналымын 1 млрд АҚШ долларына жеткізу қажеттігін атап көрсеткен болатын. Бұл ел үкіметтері алдына қойылған негізгі міндет болып табылады. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанға бауырлас және көрші ел Қырғыз Республикасы Қазақстанның жан-жақты өсіп-өркендеуіне толық мүдделі", - деп атап өтті спикер.

Қырғызстанның Сыртқы істер вице-министрі таяуда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тарихи шешім қабылдап, ел басқаруды лайықты тұлғаға табыс еткені белгілі екенін айтып өтті. Осы орайда, қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 9 маусым – Қазақстан Президентінің сайлауы күні деп жариялаған болатын.

"Қазақстан Республикасы тәуелсіздік жылдары ішінде зор жетістіктерге қол жеткізді. БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болды, ЭКСПО көрмесін өткізді, әлем картасында жаңа астана – Нұр-Сұлтан қаласы пайда болды. Осы және басқа да жетістіктер Қазақстанның Тұңғыш Презденті – Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Бұл орайда, Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған бағытының одан әрі жалғасын табуының маңызы зор. Мемлекеттің қазіргі басшылығы бұл ұстанымды растап отыр. Сайлаудан кейін де осы бағыт жалғасын табатынына сенім мол", - деп сөзін түйіндеді Нуран Ниязалиев.

Сізден жаңалық