Мырзағалиев: Қазақстандағы сұйытылған мұнай газының бағасы –  өңірдегі ең төмен баға
3 Қаңтар, 18:01 975

Мырзағалиев: Қазақстандағы сұйытылған мұнай газының бағасы – өңірдегі ең төмен баға

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев ОКҚ-да өткен брифингте сұйытылған газ бағасы реттелгенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, елімізде ішкі нарықтың қажеттілігін өтеу үшін сұйытылған газдың жеткілікті ресурсы бар. Және газ бойынша нетто-экспорттаушы болып отыр.

Жергілікті тұтынушыларды қолдау үшін газдың бағасы реттелді және тоннасына 38 мың теңге (100 АҚШ долларынан төмен) деңгейінде белгіленді. Яғни экспорттық бағадан 5-6 есе төмен. Бұл ретте Қазақ газ өңдеу зауытында сұйытылған газ өндірісінің өзіндік құны тоннасына шамамен 100 мың теңгені құрайды. Қазақстандағы сұйытылған мұнай газының бағасы – өңірдеге ең төмен баға болып табылады. Сәйкесінше, төмен деңгейдегі баға газ өндірісін ұлғайтуды ынталандырмайды, – деді министр.

2020 жылы ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамту үшін 1,4 млн тонна сұйытылған мұнай газы өндірілген. 2021 жылы ішкі нарықтағы сұйытылған газды тұтыну 1,6 млн тоннаға дейін өсіпті.

Бұл ретте газ өндірісі өсіп жатқан жоқ. Ал тозығы жеткен зауыттардың жиі жөнделуі жалпы өндірістің төмендеуіне әкеп соғуда. Ағымдағы жағдайда осы шикізатты өндіруді кеңейту үшін қандай да бір инвестициялық тартымдылық жоқ. Бұл тұтынудың тұрақты өсуі аясында тапшылыққа алып келді, – деді Мырзағалиев.

Ол газға деген сұраныс, әсіресе, 2021 жылы күшейгенін жеткізді. Себебі 2019 жылдан бері сұйытылған газға өткізілген автокөліктер саны биыл шамамен 2 есеге өскен.

Әлемдік тәжірибеде сұйытылған газдың бағасы мұнай бағасымен өзара байланысты. Бензин бағасының 70%-ын құрайды. Мысалы ретінде, АИ-92 маркалы бензиннің құны литріне 182 теңге болған кезде газдың нарықтық құны шамамен литріне 127 теңгені құрауы тиіс, – деді министр.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...