Мүгедек балаларға білім беру мен оңалтуға қосымша 34 млрд теңге бөлінеді – Жақыпова

15 Сәуір 2019, 16:58
5019
Бөлісу:
Мүгедек балаларға білім беру мен оңалтуға қосымша 34 млрд теңге бөлінеді – Жақыпова

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ата-анаға немесе асыраушысына мүгедек бала кәмелет жасқа толғанға дейін төленетін мемлекеттік жәрдемақы осы жылдың 1 шілдесінен бастап 30% ұлғаяды.

Бұл туралы бүгін Сенаттың «Мүмкіндігі шектеулі балаларды құқықтық және әлеуметтік қорғау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру туралы» тақырыбына арналған дөңгелек үстел барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова айтты.

«Қазақстанда 680 мыңнан астам мүгедек тіркелген. Соңғы 5 жылда мүмкіндігі шектеулі жандардың саны артып отыр. Мүгедектігі бар балалардың құқығын әлеуметтік қорғау – біздің еліміздің отбасы туралы заңнамасының бөлігі. Мүгедектігі бар балалардың құқығын қорғау жүйесінің көпжылдық тарихы бар және біздің Тәуелсіз Қазақстанымызбен қатар дамып келеді. Бүгін Қазақстанда 680 мың мүгедектігі бар адамдардың ішінде балалардың жалпы санының 1,5%-ын және мүгедектердің жалпы санының 12,8%-ын, яғни (18 жасқа дейінгі) 87 мыңын мүгедектігі бар балалар құрайды. Мүгедектердің жалпы құрылымында балалар үлесінің өсу серпіні байқалады. Осылайша, соңғы 7 жылда өсім 2%-ға дейін тартып отыр», - деді вице-министр

Оның сөзіншеҚР мүгедектік себептерінің жинақталған құрылымының жетекші рөлі аурулардың 3 тобына тиесілі. 2018 жылдың қорытындысы бойынша бұл нерв жүйесінің ауруы, туа біткен ауытқулар және психикалық бұзулар. Оладың жалпы үлесі 72,8%-ды құрайды. Сонымен бірге, есту қабілеті бұзылған балалардың саны – 4500, көру қабілеті бұзылғандар – 4500, жүріп-тұру аппараты бұзылғандар – 28 мың, оның ішінде арба пайдаланатын 4400 бала бар. 

«Негізгі әлеуметтік мәні бар аурулар мен жарақаттарды диагностикалау, емдеу мен оңалту әдістерін жетілдіру, халықаралық стандарттарды енгізу, жүктіліктің әртүрлі сатысында скринингті жүргізу бойынша жұмыстың жүргізілуіне қарамастан, балалар арасында мүгедектікке алғашқы шығудың өсу үрдісі сақталып келеді. Алғаш рет мүгедек деп танылғандардың арасында 2016 жылы 11 мың адам немесе 21,9%, 2017 жылы 11,6 мың адам немесе 22%, 2018 жылы 11,8 мың адам немесе 22% құрап отыр. Жастық құрылымда 42%-ға жуығы 3 жасқа дейінгі балаларды құрайды. 1 жасқа дейінгі 2094 баланың туғанынан мүгедектігі бар. Басқа 1 жасқа дейін – 1905, 2 жасқа дейін 1068 бала бар. 2018 жылғы мәлімет бойынша 1 жасқа дейінгі мүгедек деп танылатын балалардың саны 2040 адам болды», - деді ол. 

Светлана Жақыпованың айтуынша, жаңа технологиялар туа біткен ауытқулардың көрсеткішін азайтқан.

«Туа біткен ауытқуларды анықтауда жаңа технологиялар енгізіліп, оларды диагностикалау біршама жақсарған. Жүрек-қан тамырлары – 27,5%, сүйек-бұлшықет жүйесі – 17,7% және орталық нерв жүйесі 16,6% ауруға басым. Екінші орында 2017 жылы үлес салмағы 23,7%, 2018 жылы 22,9% нерв жүйесі аурулары төмендеген. Үшінші орында, арасында ақыл-ой кемістігі 52,9%. Төртінші орында, 2018 жылы 5,1% өскен эндокриндік жүйе аурулары. Жүргізілген талдау одан әрі шешуді талап ететін мәселелердің барын көрсетеді. Балалар арасында мүгедектіктің алдын алу мен скринингті жүргізу деңгейінің жеткіліксіздігі, денсаулық сақтау жүйесіндегі оңалту орталықтарының қолжетімсіздігі, мүгедектігі бар балалардың мектепке дейінгі орындардың болмауы, оларды қабылдауға дайын жалпы білім беретін ұйымдар желісінің жетіспеушілігі, даму мен дайындықтың барлық деңгейдегі мүгедек баланың даму процесін ұйымдастыру үшін бағдарламалар мен әдістемелердің болмауы. Мүгедектігі бар балалардың заңдық құқығы мен заңдық мүдделерін қамтамасыз ету үшін мемлекет пен ата-аналар арасындағы жауапкершілікті бөлу арқылы көпдеңгейлі әлеуметтік қорғау жүйесі қызмет етеді», - деді вице-министр.

Светлана Жақыпова шілде айынан бастап мүмкіндігі шектеулі балалардың жәрдемақысы шілдеден бастап 30% артатынын атап өтті.

«Мүгедек бала кәмелет жасқа толғанға дейін оның асыраушыларына (ата-ана, бала асырап алушыға) Елбасының 27 ақпандағы тапсырмасына сәйкес 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап аталған жәрдемақы көлемі 30% артады», - деді ол.

Айтуынша, мүмкіндігі шектеулі балалардың толыққанды білім алуы, оңалтуы үшін қосымша 34 млрд теңге бөлінеді.

«Ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалардың жалпы санының 14-15%-ы үйде білім алады. Оларға жергілікті бюджет есебінен мектеп құралдарын сатып алу және үйде оқытуға жұмсалған шығындар өтеледі. 2018 жылы аталған шығындарға 694 млн теңге бөлініп, 13 480 адамға төленді. Төлемнің орташа мөлшері 4139 теңгені құрайды. Әлемдегі жаңа технологияларды ескере отырып, құралдар тізбесі жаңарды. Сондықтан оңалтудың жаңа құралдары 32-ден 55-ке дейін кеңейтілді. Бұл заманауи ноутбуктарды, ескірген плеерлер мен телефондардың орнына смартфондарды алуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі

Сондай-ақ, ол жыл сайын 30 мыңнан астам мүгедек балаға ымдау тілі мамандарының қызметтері ұсынылатынын атап өтті. Бұл қызмет есту қабілеті бұзылған мүгедектерге басқа адамдармен араласуға, оқу, жұмысқа тұру және өз құқығын қорғау, мемлекеттік органдар мен консультациялар алу, ақпарат алу барысында көмек береді. 

«Оңалту құралдарын қамтамасыз ету жұмысы мемлекеттік бюджет мүмкіндіктерін ескере отырып, кезең-кезеңімен жүргізілетін болады. Қазір біз Ұлттық жоспар жасап жатырмыз. Сол Ұлттық жоспардың бюджеті қосымша 34 млрд теңгені қажет етеді. 100% бәріне өздерінің әлеуметтік құқықтарын жүзеге асыру үшін осынша сома қажет. Сондықтан қазіргі кезде келісім рәсімдеу құжаты жергілікті органдар мен Қаржы, Ұлттық экономика министрлігімен қарастырылып жатыр. Қазір бұл құжаттардың орындалуы 57-68% аралығында тұр», - деп сөзін түйіндеді Светлана Жақыпова.

Өзгелердің жаңалығы