Бас жаңалықтар
ШҚО ғалымдары МРТ сымдарының сапасын талдамақ
06 Мамыр 2019, 23:07 733

ШҚО ғалымдары МРТ сымдарының сапасын талдамақ

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстандағы тантал өндірісі жоғары технологиялық құрылғыларды жапондық әріптестермен бірлесе жасауға жол ашты. Бұл жөнінде Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік техникалық университетінде өткен Бақылау кеңесі барысында айтылды.

«Магнитті резонансты томографтарға жоғары өткізгіш сымдардың үлгісін қазіргі уақытта Үлбі металлургиялық зауыты жасап жатыр. Ал Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік техникалық университеті болса өз тарапынан дайындалған сымның сапасына талдау жасайды. Қазіргі уақытта Үлбі металлургиялық зауыты жапондық Furakawa компаниясымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Нәтиже де жоқ емес. Атап айтсақ, бүгінгі таңда металл құймасы алынып, МРТ-ға арналған сым дайындалды. Сондай-ақ, қажетті механикалық сипаттамалары бар металл құймасының гомогенді дайындамасын жасау технологиясына қол жеткіздік. Егер барлығы сәтті болса аталмыш сымдар біздің өңірде өндірілетін болады», - деді Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректоры Жасұлан Шаймарданов.

Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректоры, профессор Жасұлан Шаймардановтың айтуынша, өндірілуі жоспарланған сымды жапондық әріптестер сынақтан өткізіп, жақсы баға берген. Бірқатар ескертулерді назарға алған жергілікті мамандар сым сапасын одан әрі жақсарту жұмыстарына кіріскен. Жапондықтардың бірінші кезекте сапаға көңіл аударатынын алға тартқан ол шетелдік әріптестердің Шығыс Қазақстан өңірін таңдаудағы басты себеп мұндағы тантал өндірісі екенін тілге тиек етті.

«Бұдан бөлек біздің университет басқа кәсіпорындармен жеті жобаны жүзеге асыруда. Соның бірі ретінде медициналық импланттарды жасау технологиясының меңгерілгенін айтуға болады. Қазіргі уақытта оқу орнымыз Травматология және ортопедия институтымен әріптестік құрған. Олар бізге бірінші кезекте дайындалатын сегіз имплантты анықтап берді. Біз олардың кейбірінің үлгілерін аддитивті әдіспен, яғни 3D принтерде жасадық. Сонымен қатар ЧПУ станоктарында түрлі пластиналар шығардық. Бізден алынған үлгілерді институт клиникалық сынақтан өткізбек», - деп қосты Жасұлан Шаймарданов.

Бұл үлгілер әзірге дәстүрлі түрде титан құймасынан дайындалса, алдағы уақытта олар тантал және ниоби құймасынан әзірленбек. Бұл құйма биосәйкестігімен ерекшеленетін көрінеді. Бүгінде жаңа құйманың физикалық-механикалық зерттеулердің толық циклынан өткенін алға тартқан жауапты тұлға 3 түрлі тінаралық құйманың дайындалғанын да айта кетті.


Фото: автордан

Сізден жаңалық