Бас жаңалықтар
Көңілбай Шүкенов: Көмекке мұқтаж әр бала – өзіммін
23 Ақпан 2019, 11:30 2591

Көңілбай Шүкенов: Көмекке мұқтаж әр бала – өзіммін

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Ол әкесінен ерте айырылған, сондықтан көмекке мұқтаж болудың не екенін жақсы біледі. Ол армандар орындалатынына сенеді, себебі бала кезде ақ параққа жазған арманы айна-қатесіз орындалған. Оның достары – тоқсаныншы жылдары жалаң аяқ жүріп өскен балалар. Оны қолдаушылар – қайырымды адамдар. Оның қолға алған ісі – көпбалалы ерлі-зайыптыларға, көпбалалы жесір аналарға, табиғат апатынан зардап шеккен отбасыларға көмектесіп, үй салып беру. Ол – «Асыл адам» қорының негізін қалаушы, «Бақытты отбасы» әлеуметтік жобасының авторы Көңілбай Шүкенов.

BAQ.KZ: «Асыл адам» қайырымдылық қоры қашан құрылды?

Көңілбай Шүкенов: «Асыл адам» қорының негізі 2014 жылы қаланды. Содан бастап осы күнге дейін пилоттық режимде жұмыс жасап келеді. Баспана және жұмыспен қамту қоры ретінде заңды түрде мемлекеттік тіркеуден өтті. Бұл – биыл Жастар жылында жастардың азаматтық позициясын, патриоттық сезімдерін ашып көрсететін қайырымдылық қор.

Бала кезден басталған арман



BAQ.KZ: Құрылған қор қандай мәселелерді шешеді?
Көңілбай Шүкенов: Қазақстанда екі мәселе бар: бірі – баспана, екіншісі – жұмыс. Осы екі мәселе шешілсе, қалғаны өз ретімен шешіледі. Қазақстан – әлемдік деңгейде ойып алған орны бар мемлекет. Жер көлемі жағынан да, рухани, қазба байлықтары тұрғысынан да бай мемлекетпіз. Осындай жағдай үйсіз-күйсіз өмір сүру дұрыс емес. Қайырымдылық қор осы баспана мәселесін әкімдіктермен, халықпен бірлесе отырып шешу үшін құрылды.
BAQ.KZ: «Асыл адам» қорын құру туралы ой қашан туындады?

Көңілбай Шүкенов: 6-7 – сынып оқып жүрген кезімде ұстазымыз «Менің арманым» деген шығарма жаздырды. Жақында мені теледидардан көрген ұстазым анам арқылы сол шығарманы беріп жіберіпті. Шығармада не жазғанымды ұмытып та қалғанмын. Оқып көрсем: қазір немен айналысып жүрмін соның бәрі бала кезде жазған шығармамда жазылып тұр екен. Тоқсаныншы жылдардың орта шенінде не жұмыс, не жарық жоқ кезең болғанын білесіздер. Тамақтың өзін талонмен ғана алатын едік. Сол кездегі қиыншылық әсер еткен болу керек, тығырықтан жол табатын жол іздеп, болашақта көмекке мұқтаж адамдарға көмектесетінім туралы жазыппын. Қазіргі кезде қолға алған «Бақытты отбасы» жобасында балалар не армандайтынына міндетті түрде үлкен мән беріп, зерттейміз.

BAQ.KZ: Сонымен, қайырымдылық қоры көмектескен балалар нені армандайды екен?

Көңілбай Шүкенов: Бұл жобада отбасы мүшелері не армандайтыны туралы сауалнама жүргіземіз. Бәрінің ортақ арманы – баспаналы болу. Олар баспаналы болу жолдарын іздейді, бірақ баспаналы болу оңай емес.Отбасы мүшелері күдер үзбей, бір-бірін «Ертең-ақ бәрі жақсы болып кетеді» деп жұбатады. Шаңырағын шайқалтпай, осындай сенімде өмір сүретін көпбалалы отбасыларға пәтер кілтін табыстаймыз.

Ажырасқан отбасыларға үй бермейміз

BAQ.KZ: Пәтер кілтін сыйлау, тегін үй салып беру адамдарды арамтамақ болуға үйретпей ме?

Көңілбай Шүкенов: Бастапқыда біз алдымызға жылап келген көпбалалы отбасылардың бәріне үй салып беретінбіз. Уақыт өте келе олай ету дұрыс емес екенін түсіндік. Қазіргі уақытта көпбалалы, қандай қиындық көрсе де ажыраспаған отбасыларға, көпбалалы жесір аналарға және табиғат апаттарынан зардап шеккен көпбалалы отбасыларға ғана көмектесеміз. Біз қолға алған жобаның бірі – «Шаруа мекені».

BAQ.KZ: Жобаға қатысу шарттары туралы толығырақ айтып өтсеңіз.

Көңілбай Шүкенов: Аты айтып тұрғандай, бұл жоба бойынша таңдалған отбасыға жер үймен қоса жылыжайда жеміс өсіру сияқты кәсіп береміз. Белгілі бір уақыт аралығында отбасы бұл кәсіпті дөңгелете алмаса – оларды үйден шығарып, басқа көпбалалы отбасыны алып келеміз. Егер отбасы кәсіпті дөңгелетіп алып кетсе – сол үйді өз аттарына заңдастырып алуға толық құқықтары бар. Ажырасқан отбасылар бұл жобаға қатысы алмайды, себебі біз қоғамға бақытты отбасының моделін көрсеткіміз келеді.

Қайырымдылық жасап – үй ұтып ал

BAQ.KZ: Астана маңында қайғылы оқиға болғанын білесіз. Өртеніп кеткен бес қыздың отбасына көмек көрсеттіңіздер ме?

Көңілбай Шүкенов: Бұл – қабырғаны қайыстырған қайғылы оқиға. Бұл – Қазақстандағы көпбалалы отбасылардың әл-ауқаты қандай екенін көрсетіп берген оқиға. Сол оқиғадан кейін билік те, халық та қайғы жұтқан отбасыға көмектесті. «Асыл адамның» жігіттері қайда деп, бізді де іздегендер болды. Ішімізден дұға қылдық. Өкінішке қарай, өмірден озып кеткен балаларға көмектесе алмаймыз. Жақсылықты олар өмірден озбай тұрып жасауымыз керек еді. Қайғылы оқиға болғанға дейін біз бұл отбасы туралы хабардар болған жоқпыз. Орны толмас қайғылы жағдай болғанда ғана қимылдап, сондай жағдайда ғана қайырымдылық жасау дұрыс па?

BAQ.KZ: 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай ұйымдастырып жатқан шара туралы тоқталып өтсеңіз.

Көңілбай Шүкенов: Қайырымдылықтың ең биік шыңы – бір-бірімізге алғыс айту. Бұл күні қайырымды жандарға 2 бөлмелі пәтер, Лимузин автокөлігінің кілті және тағы да басқа бағалы сыйлықтарды береміз. Бұл шараны Қазақстан халқы ассамблеясымен бірігіп ұйымдастырып жатырмыз. Шараға қатысу шарты қиын емес: 1000 теңге көлемінде қайырымдылық жасау керек немесе қайрыымдылық қоры алып жатқан үйлердің құрылыс жұмысына қатысу керек. Осы жағдайда қайырымдылық қоры сертификат береді. Сертификат негізінде ұтыс ойынына қатысып, қайырымдылық жасаған жандардың бірнешеуі жоғарыда аталған сыйлықтардың бірін ұтып алады. Осы күнді Алғыс айту күні деп белгілеп қойған Елбасына алғыс айтамыз. Бұл күн басқа да мемлекеттік мерекелер сияқты демалыс күні болса тіптен жақсы болар еді. Себебі, туыс, достарды аралап, алғыс айтып, көптен көріспеген жандарға көңіл бөлуге де арнайы уақыт керек.

BAQ.KZ: Қайырымдылық жасаған адамдарды сыйлықпен ынталандыру туралы ой қайдан туындады?

Көңілбай Шүкенов: 2018 жылы 7 наурыз күні Қарағандыда екі қабатты үй өртеніп, 8 отбасы далада қалды. Үйсіз қалған 39 адамның ішінде балалар да, қариялар да, мүгедек жандар да бар. Қайғылы жағдай болған кезде біз студенттер арасында тәжірибе жүргіздік. Бір жоғары оқу орнына барып, істеп жатқан жұмысымыз туралы видеоролик көрсетіп, қайырымдылық деген не екенін түсіндіріп, 26 сәуір күні Қарағандыда өртенген үйдің жанына қайырымдылық мақсатта келулерін өтіндік. Екінші университетке барып, сол күні қайғылы жағдай болған үйдің қасына баратын студенттердің біріне 2 бөлмелі пәтер кілтін беретінімізді айттық. Үшінші университетке әкімдік арқылы «қысым» жасап, яғни сол күні аталған жерге бару міндет екенін айтқыздық. Нәтижесінде, 26 сәуір күні өртенген үйдің қасына 500 адам жиналды. Ол жерге сыйлық үшін немесе келуге міндеттелген студенттер ғана келді. Бірінші университеттен бір мұғалім, бір студент келген жоқ, өйткені біз оларға пәтер береміз деп уәде берген жоқпыз және ешкім оларды әкімдік арқылы міндеттеген жоқ. Демек, асар жасау немесе жылу жинау үшін халықты сыйлықпен қызықтыру керек немесе әлдебір ұйымдар арқылы мәжбүрлеу керек. Біздің шынайы бейнеміз осындай. Содан бастап адамдарды қайырымдылық жасауға осылай сыйлық беру арқылы ғана ынталандыра бастадық.

Қайырымдылық жасау – хоббиіміз

BAQ.KZ: Қордың жұмысын жүргізген кезде қандай кедергілерге тап болдыңыз?

Көңілбай Шүкенов: Бастапқыда бірқатар қиындық болды. Мысалы, қарапайым халық «Ақша жинап қашып кететін ұйым» деп ойласа, әкімдіктер «Болашақ мансабын ойлап жүрген адам» деп түсінді. Біз мұндай ойлар болатынына дайын болдық, себебі ешкім ешкімге сенбейтін қоғамда өмір сүріп жатырмыз. 70 жыл құлдық санада болу оңай ма? Миллиондап несие алып, шетелдік желілік маркетингтерге кіріп кететіндер бар, дәл солар қайырымдылыққа мың теңгесін қимауы мүмкін. 1000 теңге қайырымдылық жасау үшін көп ойланып, күдікпен қарап, көп сұрақтың астына алатын адам желілік маркетинге миллиондап ақша салса да күдіктенбейді. Сөйтіп достарымызбен бірігіп, қайырымдылық жасауды жалғасытыра бердік. Біз үшін қайрыымдылық жасау – хобби. Менің достарым – тоқсаныншы жылдарды жалаң аяқ жүріп өткен балалар. Олар талай қиындық, күйзелістен сүрінбей өткен, рухы биік жігіттер. Уақыт өте келе әкімдіктер де, министрліктер де біздің ісімізге оң көзбен қарап, қолдау көрсете бастады.

BAQ.KZ: «Асыл адам» қайырымдылық қоры арқылы үйлі болған отбасылар қандай сезімде болады?

Көңілбай Шүкенов: Үй салып берген отбасының туыстары шынымен тегін үй салып бергенімізге сенбейді. Тіпті, балалардың өздері жаңа баспанада аяқ-қолдарын созып, еркін тыныстап, бақытқа бөленудің орнына біраз уақыт бойы біреудің үйінде жүргендей сезімде болады. Бірнеше күн өткеннен кейін «Әке, бұл үйден қашан көшеміз?» деп сұрайтындары да бар. Балаларды киіндіріп, мәдени орындарда қыдыртып, үйін салып берсең де олар үшін сену қиын. Ең қуантатын жайт – олар үйсіз күйде қалай бірлігі жарасқан, бақытты отбасы болды, үй алғаннан кейін де солай болып қалады. Өзгеретіні – үй, жиһаз сияқты декорация ғана. Қиын күндері ажыраспаған отбасының берекесі жаңа баспанада тіптен арта түседі.

Жақсы адамдар бірге

BAQ.KZ: Қайырымдылық жасауға байланысты есіңізде қалған ерекше оқиғалар бар ма?

Көңілбай Шүкенов: Бірде «Жақсы адамдар бірге» деген концерттік бағдарлама болды. Сол бағдарламада мен ортаға шығып сөйлеуге дайындалып отырдым. Мен сөйлемес бұрын үй салып берген отбасылардың балалары экран арқылы тілектерін айтты. Сонда балалар «Біз көп қиындық көрдік. Бізге жақсылық жасаған «Асыл адам» қорына рақмет. Болашақта біз де қайрымдылық жасап, үй салып берумен айналысамыз» деді. Бұдан артық не керек?..

Тағы бір жағдай, біз қайырымдылық жасаған адамның көлігіне «Асыл адам. Жақсы адамдар бірге» деген жазу жабыстырып береміз. Бірде көлігінде осынай жазуы бар қарағандылық азамат хабарласып «Бұрын әрі-бері жүргенде жолаушыларды ала кетпейтінмін. Қазір жол бойында қол көтеріп тұрған кез келген адамды қалаға дейін тегін ала кетем. Көліктегі жазу маған серпіліс берді. Егер тоқтамай өтіп кетсем, жолаушы «Жабыстырып алған сөзі мен ісі сәйкес келмейді» деп ойлауы мүмкін. Мен көлігіме жабыстырылған сөзге лайықты болуға тырысып жүрмін» деді.

BAQ.KZ: Көмек көрсеткен отбасылармен қаншалықты байланыстасыздар?

Көңілбай Шүкенов: Көмек көрсеткен отбасылармен әрдайым тығыз байланыстамыз. Көмек көрсететін адамдарды дінге, тілге, ұлтқа, нәсілге бөлмейміз. Бізден үй алған отбасылардың балалары басқа отбасыға үй салып жатқан кезімізде арнайы келіп, құрылыс жұмыстарына көмектесіп кетеді.

Балалық шаққа хат

BAQ.KZ: Балалық шағыңызда шығарма жазғаныңыз туралы айттыңыз. Сол шығарманы жазған бала Көңілбайға хат жазар болсаңыз, не жазар едіңіз?

Көңілбай Шүкенов: Ол бала – әкесінен ерте айырылып, әкесіз өскен бала. Ол бала – күніне бір тілім нан ғана жеген бала. Ол бала – конькидің табанын кесіп, аяқ киім етіп киген бала. Бала Көңілбайға хат жазатын болсам «Мен сенің арманыңды орындауға тырыстым және бар күш-жігерімді салдым» деп жазар ем... Кез келген көмекке мұқтаж баланы көрсем – өзімнің бала күнімді көргендей боламын. Менің бала кезімде қолұшын созған ешкім болмады. Қазіргі кездегі көмекке мұқтаж балаларға өзім көмектескім келеді.

BAQ.KZ: Оқырмандарға жомарт жан ретінде қандай кеңес айтасыз?

Көңілбай Шүкенов: Зағип адамды жолдан өткізіп жіберу он екі мүшесі сау адам үшін – міндет. Әлсіз адамға көмектесу әлді адам үшін – міндет. Көршінің көршіге көмектесуі – міндет. Не міндет, не қайырымдылық екенін ажырата білу керек. Кез келген сәтсіздікке мемлекетті кінәламай, еңбекқор болу керек. Бала кезімде анам дәрігер болып 2 мың теңге тапса, әкем дәнекерлеуші болып (сварщик) 10 000 теңге табатын. Әкеміз қайтыс болып, анамыз 4 баланы жалғыз өзі бағып-қағуы керек болды. Ол тығырықтан шығар жол іздеп, ақыры арнайы курс бітіріп, өзі дәнекерлеуші болып кетті. Кейін электриктің оқуын бітіріп, шахтада жұмыс істеді. Істеймін деген адамға жұмыс көп, қайырымдылық жасаймын деген адамға көмектесуге лайықты отбасылар көп. Абай атамыз «Бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол – адам болам десеңіз» десе, біз сол өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ сияқты қашық болу керек бес нәрсенің соңынан қуып жүрміз. Неге екі жас несие алып той жасаудың орнына пәтер алмайды? Мысалы, биыл мектеп бітіргенімізге 20 жыл болады. Құрдастарымның 99 пайызы той жасаймыз десе, мен жиналған ақшаға бір мұғалімге үй алып беру туралы ұсыныс айттым. Неге мемлекетткен күтіп отырмай, өзіміз жиналып бір адамға пәтер алып бермеске? Осы туралы ойланайық.

BAQ.KZ: Сұқбатыңыз үшін рақмет!
Зарина Әбілмәжінова
Видеооператор: Кенжетай Ақсейт
Загрузка...