"Мерейлі отбасы" жеңімпазы анықталды

7 Қыркүйек 2019, 12:01
5144
Бөлісу:
"Мерейлі отбасы" жеңімпазы анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласында Отбасы күні мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен жыл сайынғы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Сонымен қатар рәсімге ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың, ҮЕҰ және БАҚ өкілдері қатысты.

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы Елбасының бастамасымен 2013 жылы бекітілген. Конкурсты өткізудің мақсаты отбасы институтын нығайту, отбасылық және рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттау, ерлі-зайыптылардың, ата-аналардың балалар тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, қарт ата-аналарға қамқорлық жасау болып табылады.

Іс-шараны ашқан Бердібек Сапарбаев марапаттау рәсіміне қатысушыларға арналған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін оқып берді.
WhatsApp Image 2019-09-07 at 11.58.56.jpeg

«Бұл мемлекеттік іс-шара – Қазақстанның әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі. Елімізде жыл сайын халықтың өмір сүру жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды шешімдер қабылдануда. Осыған байланысты еліміздің мерекелер күнтізбесіне «Отбасы күні» мейрамы енгізілді. Сондай-ақ ырыс-берекесі мен ынтымағы жарасқан мәуелі әулеттерді насихаттайтын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын өткізу дәстүрге айналды. «Мерейлі отбасы» дәстүрлі ұлттық конкурсының жеңімпаздары отансүйгіштік, еңбекқорлық, мейірімділік сияқты үлгі тұтарлық өмірлік ұстанымдарды жан-жақты меңгергенін көрсетті», - делінген құттықтауда.

Салтанатты іс-шарада премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев және Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова 17 финалист-отбасыға дипломдар және тұрмыстық техника сатып алуға Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті - Елбасы Қорының атынан сертификаттар табыс етті.

Алты жылда конкурсқа 15 197 отбасы қатысты. Қатысушылардың жалпы санының 62% - ауылдық жерлерден отбасылар, 36%-көпбалалы отбасылар, 18%- жас отбасылар, 17%-еңбек әулеттерінің өкілдері. Қатысушылардың саны жылсайын өсуде. 2014 ж. конкурсқа 1 298 отбасы қатысса, биылғы жылы олардың саны 2,5 есе көп.
WhatsApp Image 2019-09-07 at 12.01.23.jpeg

Жеңімпаз отбасы 30 тамыздан 6 қыркүйекке дейін өткізілген sms/интернет арқылы дауыс беру қорытындысы бойынша анықталды. 2019 жылғы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаты болып  Атырау облысынан  Тілекқабыловтар отбасы атанды.

Премьер-министрдің орынбасары жеңімпаз отбасыға естелік мүсінше мен шағын автобустың кілтін тапсырды. Марапаттау рәсімі қазақстандық танымал эстрада әртістерінің қатысуымен өткен мерекелік концертпен аяқталды.
Өзгелердің жаңалығы