Бас жаңалықтар
Мердігерлер мен тауарөндірушілердің 90%-дан астамы отандық болуы шарт – министр
19 Мамыр 2020, 13:29 56

Мердігерлер мен тауарөндірушілердің 90%-дан астамы отандық болуы шарт – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов "Жұмыспен қамту жол картасындағы" жобаларды іске асыратын мердігерлер мен құрылыс материалдарына қойылатын талап қатаң екенін айтты.

"Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасы жаңадан әзіреніп отыр. Бұл Үкімет тарапынан дағдарысқа қарсы қолданылып жатқан негізгі шаралардың бірі. Оған 1 трлн-ға жуық қаражат қарастырылған. Бұл жол картасының әлеуметтік-экономикалық әсері жан-жақты әрі кең. Бір жағынан, бұл жаппай жұмыссыз жүрген азаматтарды уақытша болса да жұмыспен қамту болса, екінші жағынан әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге, халықтың әл-ауқатын арттыруға, межелі салаларда жаңа жұмыс орындарын құруға септігін тигізеді. Жол картасы аясына 6500 инфрақұрылымдық жоба іске асырылады. Мұнда біз 250 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтимыз. Елімізде ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 болса, жол картасының шарты бойынша жалақы екі есе болуы керек, яғни, 85 000-нан төмен болмауы шарт. Алғаш қатысқан кезде берілетін көтерме төлем тағы бар. Бұл 1 миллионға жуық адамның табысына әсер етеді, - деді министр. 

Біржан Нұрымбетов жол картасындағы жобаларды іске асыратын мердігерлер мен құрылыс материалдарына талап қойылатынын айтты.
Мердігерлер мен тауарөндірушілердің 90%-дан астамы отандық болуы шарт. Ол құрылыс саласында жүрген мекемелердің өндірістік қуат жүктемесін арттыруға, шағын және орта бизнес айналасында жүрген 20 мыңнан астам мекеменің жұмысын тұрақтандырып, ең аз дегенде, мыңдаған жұмыс орындарын сақтап қалуға әсер етпек. Жол картасы аясында болашақта әлеуметтік актив болып қалатын  600-ден астам жаңа құрылыс жұмысын бастаймыз. Мысалы, білім беру саласы бойынша 80 білім беру ошағы салынбақ. Денсаулық сақтау саласы бойынша бірқатар жобаларды отбасылық, амбулаторлық емханалар соғуға арнадық. Бұл медицина жүйесінің дамуына, халықтың медқызметке қолжетімділігін арттыруға алып келеді. Түрлі спорт кешендері мен мәдениет нысандары соғылады, - дейді министр.
Оның айтуынша, осы үш саланың өзінде педагогтар, медициналық қызметкерлер, мәдениет саласының қызметкерлері үшін 10 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары пайда болады.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...