Бас жаңалықтар
Мемлекет ауыл шаруашылығы саласына барлық жағдай жасап отыр – Нығматулин
24 Мамыр 2019, 11:02 353

Мемлекет ауыл шаруашылығы саласына барлық жағдай жасап отыр – Нығматулин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырыс залында «Ет және сүт өнімдерін өндіруді, қайта өңдеуді және экспорттауды дамыту перспективалары» атты парламенттік тыңдау өтіп жатыр. 

Бірінші болып сөз алған Нұрлан Нығматулин баяндамасында елдегі ауыл шаруашылығы саласының негізгі бағыттарына тоқталып өтті. 

«Еліміздің экономикасы үшін де, халқымыздың әлеуметтік жағдайы үшін де ауыл шаруашылығы саласының маңызы өте зор. Бұл еліміздің дамуының стратегиялық бағыттарының бірі. Себебі ауыл шаруашылығы дегеніміз ол – біздің кең байтақ жеріміз, төрт түлік малымыз және егіні мол аймақтарымыз. Осының барлығы бізге табиғат берген ең үлкен байлық деуге болады. Сондықтан Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алғаннан бастап осы саланы дамытуға зор көңіл бөліп отыр. Соның нәтижесінде тиісті қаржы бөлініп, аталған бағыт жыл сайын серпінді дамып келе жатыр», - деп айтты Нығматулин.

Мәжіліс спикері биылғы жолдауда жүктелген аграрлық өнімнің экспортын екі жарым есеге дейін арттыру міндеті табиғи таза өнімдер арқылы отандық экономиканы күшейтумен қатар, экспортты дамытуға жол ашатынын айтты. 

«Осы орайда заң тұрғысынан қамтамасыз ету үшін Парламенттің аграөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аймақтарды мемлекеттік реттеу туралы, ветеринария туралы, асыл тұқымды мал шаруашылығы сияқты негізгі заңдар қабылданды. Сонымен бірге ұзақ мерзімді «Қазақстан-2050» стратегиясында дамытудың нақты жоспары көрсетілген. Қазіргі уақытта 2017-2021 жылдарға арналған арнайы бағдарлама жүзеге асырылып жатыр», - деді депутат. 

Ол мемлекеттің ауыл шаруашылығы саласына барлық жағдайды жасап отырғанын атап өтті. 

«Енді өнімнің сапасын қауіпсіздік және экологиялық тазалықты сақтай отырып, тиісті шараларды қолға алуымыз қажет. Осы жолда ата-бабаларымыз «жесең ас, кисең киім» деп ерекше назар аударған мал шаруашылығының орны бөлек. Сапалы азық-түлік бойынша еліміздің өзінде қамтамасыз ететін, экспортқа шығаратын мүмкіндігі зор. Соның ішінде әсіресе ет, сүт өнімдері басым бағыттарымыздың бірі. Осыған орай Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес таза, табиғи өнімдерді арттырудың барлық жолы көрсетілді. Ендігі мақсатымыз оларды тиімді әрі нәтижелі жүзеге асыру. Қазірдің өзінде, мысалы, Алматы облысында жылдық қуаттылығы 8 мың тонна болатын ет өндіру кешені пайдалануға берілді. Биыл жылына 5 мың тонна ет өндіретін Ерейментау-Ақбас кәсіпорнын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ал сүт өңдеуді арттыру үшін қуаты 23 мың тонна болатын төрт зауыт жұмыс істейтін болады», - деді Нығматулин.

Мәжіліс төрағасы осы орайда халықты таза ет және сүт өнімдерімен қамтамасыз ету үшін аграрлық салада цифрландыру жұмыстарының маңыздылығы өте зор екенін айтты. Себебі ауыл шаруашылығы саласы бәсекеге қабілетті болуы үшін тұрақты түрде жаңа инновациялық технологияларды енгізіп отыру қажет. 

Сөз соңында Нығматулин жиынға қатысушылармен бірге азық-түлік саласын арттыру және экономиканы күшейту мәселесін жан-жақты талқылайтынына сенім білдірді.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...