Бас жаңалықтар
Медқызметкерлердің жаппай КВИ жұқтыруына себепші болған «СҚ-Фармация» экс-басшысына үкім шығарылды
16 Қыркүйек 2021, 16:35 321

Медқызметкерлердің жаппай КВИ жұқтыруына себепші болған «СҚ-Фармация» экс-басшысына үкім шығарылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қалалық соты «СҚ-Фармация» ЖШС-нің бұрынғы басқарма төрағасы Берік Шәріпке қатысты ақтау үкімінің күшін жойды. 

4 тамызда бірінші инстанциядағы сот қызметтік лауазымын асыра пайдаланды (ҚР ҚК 361-бабы, 4-бөлігі, 3-тармақшасы) деп айыпталған Берік Шәріпті ақтап шығарды. Тергеу мәліметінше, лауазымын асыра пайдалану салдарынан ол медицина қызметкерлерінің жаппай вирус жұқтыруына себепші болған. 

Ол тек қару-жарақты заңсыз сақтау бабы бойынша (ҚР ҚК 287-бабы, 2-бөлігі) кінәлі деп танылып, оған 1000 АЕК көлемінде айыппұл тағайындалды. Шәріп қамауда болған кезде оны (2020 жылдың тамызына дейін) өтегені де анықталды.

Бүгін апелляциялық коллегия бірінші инстанциядағы сот үкімінің күшін жойып, жаңа айыптау үкімін шығарды. Шәріп екі бап бойынша кінәлі деп танылды. Оған үш жыл және алты ай мерзіміне бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол қауіпсіздігі төмен мекемеде жазасын өтейді. Сонымен қоса мемлекеттік қызметте және мемлекеттік квазисекторда жұмыс істеу құқығынан өмір бойы айырылады. Бұл ретте қатаң жаза (қару-жарақты заңсыз сақтағаны үшін салынған айыппұл - 1000 АЕК) қатаңдатылды (лауазымын асыра пайдалану). Сондай-ақ сот процесі кезеңінде Шәріптің қамауда болған мерзімі де ескеріледі (2020 жылғы 12 тамыздан 2021 жылғы 4 тамыз аралығы), - делінген хабарламада.
Еске салсақ, 2020 жылғы 15 сәуір мен 3 мамыр аралығында Қазақстанда 2 мыңнан астам медицина қызметкері коронавирус жұқтырды. Оның ішінде Алматыда - 562, елордада - 200, Шымкентте - 75, Қарағанды облысында -  75.

Прокурордың сөзінше, бұл жайт қорғаныс костюмдерінің тапшылығы салдарынан болды. Бұған қорғаныс заттарының аталған қалалар мен облыстарға дер кезінде жеткізілмеуі себеп болған.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...