Мәжіліс сот жүйесі мен судья мәртебесіне қатысты заң жобасын мақұлдады
03 Қараша 2021, 15:23 127

Мәжіліс сот жүйесі мен судья мәртебесіне қатысты заң жобасын мақұлдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы таныстырылды.

Заң жобасының басты мақсаты – сот жүйесін одан әрі дамыту.

Президент өткен жылы Қазақстан судьяларының VIII съезінде сөйлеген сөзінде негізгі бағыттарды атап өтті. Олар: адам құқықтары мен заң үстемдігін және сот жүйесінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету. Осыған байланысты заңнамалық өзгерістер судьялардың кәсібилігін, сондай-ақ жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыруды көздейді, – деді Мәжіліс депутаты Нәзилә Раззақ.

Бұл мақсатқа жету үшін негізгі үш бағытқа назар аударылды. Ол, ең алдымен, сот жүйесін қаржыландыруға байланысты.

Соттардың қаржылық дербестігі – сот билігі тәуелсіздігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі. Сондықтан халықаралық тәжірибеге сәйкес, сот жүйесі бюджетінің мөлшерін пайызбен белгілеу ұсынылады. Бұл сот жүйесі бюджетін қалыптастырудың жаңа моделі, – деп айтты депутат.

Оның сөзінше, сот жүйесіне жұмсалатын шығыстар 001 бюджеттік бағдарламасы бойынша барлық мемлекеттік орган шығыстарының кемінде 6,5%-ын құрауға тиіс.

Қаржыландырудың деңгейлері мен бағыттарын Жоғарғы Соттың кеңейтілген жалпы отырысы бөледі. Оған барлық соттың судьялары кіреді. Есеп комитетінің бақылауы сақталады. Тағы бір бағыт - судьялық кадрларға байланысты. Президент сот жүйесіне кәсіби мамандарды тарту туралы нақты тапсырма берді, - деп айтты Нәзилә Раззақ.

Депутат заң жобасында көрсетілген ұсыныстарды атап өтті:

Бірінші, құқық саласындағы негізгі бағыттар бойынша мамандандырылған судья лауазымына үміткерлерге арналған мамандандырылған біліктілік емтиханын енгізу.

Екінші, біліктілік емтиханына қайта жіберу мерзімін 6 айдан 3 айға дейін қысқарту.

Үшінші, басқа соттарға кандидаттарды іріктеу кезінде, құрамы аз және шалғайдағы соттарда кемінде 5 жыл жұмыс істеген судьялар үшін басымдық белгілеу.

Төртінші, судьяларды тәртіптік жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімдерін заңсыз әрекет жасалған күннен бастап – бір жылдан екі жылға дейін; ал анықталған күннен бастап – үш айдан бір жылға дейін ұлғайту.

Бесінші, Жоғарғы Сот кеңесінің тұрақты мүшелеріне Жоғарғы Сот судьясының жалақысы мөлшерінде жалақы белгілеу ұсынылады.

Айтуынша, заң жобасын қабылдау қаржылық тәуелсіздік пен судьялық өзін-өзі басқаруды қамтамасыз етуге, кадр тапшылығын азайтуға, судьялардың жауапкершілігін арттыруға жол ашады.

Заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданды.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...