Бас жаңалықтар
Маңғыстаулық кәсіпкерлер Стратегиялық зерттеулер орталығының сауалнамасына қатыспаған
07 Сәуiр 2019, 13:57 1033

Маңғыстаулық кәсіпкерлер Стратегиялық зерттеулер орталығының сауалнамасына қатыспаған

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Стратегиялық зерттеулер орталығының республика бойынша 4 мың кәсіпкер қатысқан әлеуметтік сауалнама мәліметтерін жариялады. Ол сауалнамада 20 мемлекеттік орган қызметі бағаланған. 

Сауалнама нәтижесі Алматы, Қызылорда, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарындағы мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлық деңгейінің жоғары екенін көрсетіп отыр.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалының басшысы Нұрбек Қарасаевтың сөзінше, сауалнама нәтижесі көпшілікке жарияланысымен жергілікті бизнес-орта өкілдері кеңсеге келіп, стратегиялық зерттеулер орталығының Маңғыстау облысындағы мемлекеттік мекемелердегі сыбайлас жемқорлық рейтингісі туралы мәліметімен келіспейтіні жөнінде айтқан. Олардың айтуынша, көптеген бизнесмендер аталған сауалнамаға мүлдем қатыспаған көрінеді.

Айта кетейік, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы қызметінің негізгі бір бағыты - кәсіпкерлердің құқығын қорғау. Осы ретте Ақтаудағы палата мамандары кәсіпкерлер тарапынан келетін арыз-шағым мен ұсыныс-пікірлердің дені мемлекеттік органдардың қызметімен тікелей байланысты болып келеді екен.

«Осының өзі-ақ біз айтып отырған сараптама қорытындысының кемшін тұстары бар екенін дәлелдейді. Себебі пара беру арқылы кәсібін оңай әрі жылдам дамыта қойғысы келетіндер ешқашан да ұсыныс немесе сын пікірлерді айтпайды. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2018 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік органдармен тығыз жұмыстың нәтижесінде арыз-шағымдарды шешу өлке көлемінде біршама жақсарды. Бұл да оң көрсеткіш. Ал кәсіпкерлердің құқығын қорғауға байланысты біздегі қаражат көлемі - 2,2 млрд теңге. Республика бойынша біздің облыс осы көрсеткіш бойынша үшінші орында тұр. Сондай-ақ, бізге келіп түсетін арыз-шағымдардың қазіргі таңда 13,8 пайызға төмендегенін көріп отырмыз», - дейді Нұрбек Қарасайұлы.


Жергілікті палата директорының айтуынша, бір топ кәсіпкерлер бұл сауалнамаға қатыспағандықтарын, бізге сырттай баға беру арқылы құқығымызды бұзып отыр деген мәтіндегі шағымдар түскеннен бойда палата басшылығы мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттік пен прокуратурамен байланысқан.

«Олар келтірген ақпараттарға сүйенсек сыбайлас жемқорлықпен қатысты сұрақтар он үш пайызға төмендеп отыр. Яғни, біздің кәсіпкерлер палатасының мәліметі мен мемлекеттік органдардың мәліметімен сәйкес келіп отыр. Сондықтан біздің есебіміз бойынша мына жүргізілген сараптама біржақты болған сияқты. Сондай-ақ, ақпаратта барлық мемлекеттік органдар алатын пара көлемі 300 мың теңге деп көрсетілген. Мұның өзі сауалнаманың деңгейінің қандай екенін көрсетеді», - дейді Нұрбек Қарасаев.

Толықтыра түсейік, бүгінде Маңғыстау облысында өз ісін бастаушы және одан әрі жүргізушілер үшін барлық жағдай жасалған. Мемлекеттік бағдарламалар облыс тұрғындарына бизнесті нөлден бастап құру және де оны лайықты жүргізіп, дамытуға көмектесіп келеді. Мәселен, көрші аймақтар мен елдерде баламасы жоқ «Нұр – Капитал» бағдарламасын алайық. Бұл жоба аймақ кәсіпкеріне бар-жоғы бір ғана пайызбен несие алуына жол ашады. Осылайша, теңдесі жоқтығын айғақтайды. Екінші деңгейлі банктердің облыстағы бөлімшелеріне жалпы сомасы 3 млрд теңгеге бағаланған 200-ден астам жоба ұсынылды. Оның ішіндегі 65 жоба 1 млрд 230 млн теңгеге қаржылай қолдау тапты. Соның нәтижесінде өлке аумағында 575 жұмыс орны құрылып отыр.

Ақтаудағы сүт және нан өнімдері мен макарон цехының иесі Зарета Фаталиеваның сөзінше, жоғарыда айтылған сауалнама қорытындысы мүлдем жалған ақпарат.

«Өз басым осы сауалнаманың қалай жүргізілгенін және осындай рейтингінің қалай шығарылғандығына таң қалдым. Неге қатысушылардың аты-жөні аталып, осы сауалнаманы растайтын құжаттар ұсынылмаған? Егерде орталықтың жеке мекеме екенін ескерсек, бұл сауалнама Маңғыстауды қаралау үшін әдейі жасалған секілді. Бар болғаны 4 мың кәсіпкер еліміздің барлық бизнесмендері үшін қалай жауап бере алады?! Және осы аталған төрт мың кәсіпкердің кімдер екені де тағы белгісіз. Менің бизнеске келгеніме биыл 22 жыл. Осы уақыт ішінде ешқашан ешкімге пара берген жоқпын. Мұндай сауалнама туралы естімегенмін», - деп атап өтті Зарета Фаталиева.

Кәсіпкер оның таныстары да аталған сауалнамаға қатыспағанын айтып өтті.

«Менің таныстарым да бұл сауалнамаға қатысқан жоқ. Жарияланған ақпаратты теріске шығаруды талап етуіміз керек. Біз өзімізді жалған мәліметтерден қорғауымыз қажет. Кінәлілер тиісті жазасын алсын. Барлық мемлекеттік органдар 300 мың көлемінде пара алады деп көрсетілген екен. Біреуге 300 мың ұстата салатын кәсіпкер қайдан шыққан өзі?! Кез келген бизнесменнің пара сұраған адамға осыншама көлемдегі ақшаны бірден ұсына алмайтыны ақиқат», - дейді Ақтаудағы сүт және нан өнімдері мен макарон цехының иесі.


Фото: автордан
Загрузка...