Мамин Үкімет мүшелеріне тапсырма берді

9 Қараша 2021, 13:07
967
Бөлісу:
Мамин Үкімет мүшелеріне тапсырма берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен инвестициялық штаб отырысында жаңартылатын энергия көздері және денсаулық сақтау салаларындағы инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы қаралды.

Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев пен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ»  АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев еліміздегі жаңартылатын энергетика саласындағы инвестициялық жобалардың мәртебесі туралы баяндады.

Мәселен, 2014 жылдан бастап 780 млрд теңге, оның ішінде 150 млрд теңге осы жылдың 9 айында тартылды. 1975 МВт көлемінде энергия генерациясының жиынтық қуаты бар 126 ЖЭК нысаны пайдалануға берілді, 2 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылды.

ЖЭК-тен алынатын электр энергиясының 41%-ы күн электр стансаларында, 35%-ы жел электр стансаларында, 23,8%-ы шағын су электр стансаларында өндіріледі.

2030 жылға қарай электр энергиясын генерациялау құрылымындағы ЖЭК үлесін қолда бар 3%-дан 15%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін ЖЭК-тің 7 ГВт жаңа қуаттарын іске қосу қажет, бұл салаға 3 трлн теңге көлемінде инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда Қазақстан Үкіметі «ADQ» араб компаниясымен және «Тotal Energies» француз компаниясымен уағдаластыққа қол жеткізді. Ірі ауқымды жобалар алдағы 10 жылда 5 ГВт жаңа ЖЭК қуатын кезең-кезеңімен енгізуді көздейді. Бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру атмосфераға парниктік газдар шығарындыларының көлемін 8 млн тоннаға азайтуға, қосымша 20 млрд кВтс жасыл энергия өндіруге және 3 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Инвесторлар үшін қолайлы жағдай тудыру мақсатында Қаржы-есеп айырысу орталығының базасында «Бір терезе» қағидатын енгізу, ЖЭК пайдаланатын энергия өндіруші ұйым мен тұтынушылар арасында екіжақты келісімшарттар жасасу мәселесін реттеу, сондай-ақ инвесторлардың мүддесін қорғау мақсатында төрелік келісімді ресімдеу рәсімін оңайлату ұсынылады.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту бойынша инвестициялық жобалар туралы баяндады. Төрт жыл ішінде Қазақстанда 20 көпсалалы аурухана мен 2 ғылыми-инновациялық көпсалалы клиника салу жоспарланған.

Инвестор компаниялардың, өңірлер әкімдіктерінің және орталық мемлекеттік органдардың өкілдері Түркістан, Петропавл, Нұр-Сұлтан, Қостанай, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Павлодар, Тараз, Алматы және т. б. қалаларда госпитальдар салу жобаларының іске асырылу барысы туралы баяндады.

Үкімет басшысы жаңартылатын энергетика және денсаулық сақтау саласында жоспарланған жобаларды уақытылы және сапалы іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.

Барлық мемлекеттік органдарға, өңірлердің әкімдіктеріне және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту жұмысын жүйелі негізде жалғастыру туралы тапсырма берілді.

Өзгелердің жаңалығы