Мәдениет министрі халық әртісі Сара Қабиғожинаның туыстарына көңіл айтты

13 Қаңтар 2019, 13:34
3425
Бөлісу:
Мәдениет министрі халық әртісі Сара Қабиғожинаның туыстарына көңіл айтты

Астана, baq.kz тілшісі. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы қазақтың тұңғыш кәсіби иллюзионисі, Қазақстанның халық артисі Сара Қабиғожинаның қайтыс болуына байланысты оның туыстарына көңіл айтты.

«Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы қазақтың тұңғыш кәсіби иллюзионисі, көрнекті эстрада-цирк артисі, Қазақстанның халық артисі Сара Оқапқызы Қабиғожинаның қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасына, туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Еліміздің эстрада-цирк өнеріне өлшеусіз еңбек сіңірген, аяулы тұлға Сара Қабиғожинаның шығармашылық жолы мен жарқын бейнесі ел жадында сақталары сөзсіз», - делінген аталған ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Айта кетейік, Күйші-домбырашы Оқап Қабиғожиннің қызы Сара Қабиғожина өнерге бала кезден құштар болып өскен. Ол – Алматыда 1965 жылы ашылған республикалық эстрада-цирк студиясының тұңғыш түлегі.

Сара Қабиғожина кәсіби саxнадағы өнер жолын «Қазақконцертте» көркемсөз оқу шебері ретінде бастады. Өмір мен өнерде серігі болған Сұлтанғали Шүкіровпен бірге, қазақ саxнасында сирек кездесетін көзбайлаушы-иллюзионистік жанрда өнер көрсетті.

1972 жылы Мәскеудегі эстрада өнерінің бүкілодақтық шығармашылық шеберханасында білім алған. 1978 жылы Карловы Вары, кейін Парижде, Брюссельде өткен дүниежүзілік иллюзионисттер байқауларында бас жүлдені жеңіп алды.

Сондай-ақ, Гаванада өткен (1978) Жастар мен студенттердің бүкіл дүниежүзлік 11-фестивалінің және Бүкілодақтық Комсомол сыйлығының иегері (1980) атанды.

Өзгелердің жаңалығы