Қызылорда облысында 3 апатты мектеп бар

10 Маусым 2021, 14:03
3619
Бөлісу:
Қызылорда облысында 3 апатты мектеп бар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ-да Қызылорда облысы әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыста апатты мектептерді жою жұмыстары жүргізіліп жатқанына тоқталды.

Білім беру саласында апатты мектептерді жою жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі таңда өңірде осындай 3 мектеп бар.

Биыл бір мектепті іске қосамыз, апатты мектептің орнына біреуін салуды жалғастырамыз. Осы жылдың басында анықталған бір апатты мектеп бойынша қазіргі уақытта жобалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жалпы алғанда, 2021 жылы 2600 орындық 6 мектеп, оның ішінде 800 орындық 2 жеке мектеп пайдалануға беріледі, - деп айтты облыс әкімі.

Бұдан басқа, 3750 орындық тағы 5 мектептің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Оның ішінде 3 мектеп - мемлекеттік бюджет есебінен: Жаңақорған ауданында – 300 орындық, Қазалы ауданында – 250 орындық, Қызылорда қаласында – 200 орындық, ал екі мектеп мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша.

Сонымен қатар 48 мектеп қайта жаңғыртылады. 550 орындық үш қосымша білім беру ұйымының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында Елбасының тапсырмасымен 2021 жылы 475 орындық 3 жатақхана пайдалануға беріледі. Инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында 47 балабақша мен 44 мектепте арнайы инклюзивті кабинеттер ашылады, - деп атап өтті Әбдіқалықова.

Сонымен қатар бұқаралық спортты дамыту мақсатында осы жылы мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ауылдық жерлерде 5 спорт кешені салынады.

Еске салсақ, брифинг барысында Қызылорда облысының әкімі биыл күріш егісі көлемі 89,5 мың гектардан 83 мың гектарға қырқартылғанын мәлімдеді.

Өзгелердің жаңалығы