Алматы, BAQ.KZ. Жолаушылар пойызының машинисі жедел тежегішті іске қосқанымен, арақашықтықтың аздығынан қақтығыстың алдын ала алмады. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
«2019 жылдың 15 қыркүйегінде 19 сағат 08 минутта Алматы жол бөлімшесінің Алматы – Отар учаскесі Ақсеңгір – Шамалған аралығындағы, 4028 км орналасқан реттелетін, күзетілетін өтпесінде №43 «Алматы-Қостанай» пойызының («Түрксіб-Астана» ЖШС жеке тасымалдаушы) «Алматы-Қаскелен» автобусымен (№456 рейс) қақтығысы келесідей жағдайлар бойынша 2 пикетте болды. №757 АR 05 автобусының жүргізушісі өтпенің арғы жағындағы жолдың бостығына көз жеткізбестен, өтпенің үстіне шығып кетіп, кептеліс салдарынан өткелде тұрып қалған. №43 жолаушылар пойызының жақындауы кезінде өткелдің дабыл құрылғысы автоматты түрде іске қосылып – өткел бағдаршамы «қызыл» жанып, шлагбаум автокөліктің өткелде тұрып қалуына байланысты соңына дейін жабылмай қалған. Өткел бойынша кезекші жолаушылар пойызын тоқтату үшін ескерту бағдаршамын іске қосу бойынша шара қабылдады», - делінген хабарламада.
КТЖ-ның мәліметі бойынша, №43 жолаушылар пойызының машинисі жедел тежегішті іске қосқанымен, арақашықтықтың аздығынан қақтығыстың алдын ала алмаған.
«Соқтығысу нәтижесінде автобусты жолдан қағып, KZ4AC-0010 электровозы зақымданды, бірақ жолдан шыққан жоқ. Қақтығыс салдарын №43 пойызының электрвозы ауыстырылып, 01 сағат 38 минут кешіктіріліп жөнелтілді, пойыз жолаушылары арасында зардап шеккендер жоқ», - делінген хабарламада.
Аталған жағдайды жіті тексеру үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ арнайы комиссия құрылған.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысындағы Шамалған станциясында жолаушылар пойызы мен автобус соқтығысып қалғанын жазған болатынбыз. Салдарынан автобус жүргізушісі қаза тауып, 3 жолаушы жарақат алған. Дәрігерлер Шамалғанда зардап шеккендердің жағдайын айтып берген еді.