Қос азаматтығы бар мемқызметшілер жұмыстан шығарылады

14 Сәуір 2021, 17:04
1169
Бөлісу:
Қос азаматтығы бар мемқызметшілер жұмыстан шығарылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметкерлер немесе квазимемлекеттік ұйымдардың басшыларында қос азаматтығы анықталған жағдайда қандай шара қолданатындарын айтты.

Бұған дейін Сенат депутаты Президенттің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі мемлекеттік қызметкерлерге немесе квазимемлекеттік ұйымдардың басшыларында қос азаматтығы анықталған жағдайда, өз құзыреті шегінде оларды атқарып отырған лауазымдарынан босату қажеттілігі туралы тапсырмасын заңнама тұрғысынан іске асыруға қатысты сауал жолдаған болатын.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауының жекелеген ережелерін іске асыру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданып, Еңбек кодексіне және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңға тиісті түзетулер енгізілді.

Атап айтқанда Республика азаматтығын жойған не одан айырылған, сондай-ақ шет мемлекеттің азаматтығы бар мемлекеттік қызметкерлер қызметтен шығарылады (Еңбек кодексінің 52-бабы және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңның 61-бабы). Осы талаптарды орындау тетігін әзірлеу шеңберінде ІІМ мемлекеттік органдар ұсынған мемлекеттік қызметкерлердің тізімдері бойынша оларда «қос азаматтығының» бар-жоғын тексереді, - деп жауап берді Анар Жайылғанова Сенат депутаты сауалына.

Ресми жауапта қазіргі уақытта қос азаматтықты анықтау фактісі бойынша 2 мемлекеттік қызметкер атқарып отырған лауазымдарынан босатылғаны жазылған. Олар Шымкент қаласының Спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы О. Почивалов пен Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің бас маманы И.А. Точидловская.


Өзгелердің жаңалығы