Коронавирус: Алматылық сырқат әйел жауапкершілікке тартылды

15 Наурыз 2020, 18:27
5249
Бөлісу:
Коронавирус: Алматылық сырқат әйел жауапкершілікке тартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматыда коронавируспен ауырған әйел өзімен байланыста болған адамдар туралы мәлімет беруден бас тартқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы қалалық полиция департаменті коронавируспен ауырғандардың бірі - азаматша Б-ның санитарлық қызмет жұмысына кедергі келтіріп, вирусқа шалдыққаннан кейін өзімен байланыста болған азаматтардың мәліметтерін беруден қасақана бас тартқанын хабарлайды. Әйел ҚР Қылмыстық кодексінің 304-бабында (Санитарлық ережені немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) көзделген қылмыстың белгілері бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды, - делінген хабарламада. 

Алматы қалалық полициясы орын алған күрделі жағдайға байланысты азаматтарды қалалық қызметтерге коронавирус инфекциясын анықтау және алдын алу бойынша барынша жәрдем көрсетуге және жүргізіліп жатқан шараларға түсіністікпен қарауға шақырады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда тағы 2 адамның коронавирустық инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Олардың бірі 1959 жылы туған әйел Алматыда стационарда жатқанын айтқан едік.

Өзгелердің жаңалығы