Көлгінов праймеризге қатысушылардың үгіт-насихат жұмыстарымен танысты

23 Қыркүйек 2020, 02:30
1059
Бөлісу:
Көлгінов праймеризге қатысушылардың үгіт-насихат жұмыстарымен танысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтанда праймеризге 400-ден астам адам қатысуда. Бұл ретте, қатысушылардың ең көп саны елордаға тиесілі. Ол туралы қала әкімі Алтай Көлгінов өзінің Instagram-дағы парақшасына жазды.

Праймеризге Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 400 адам қатысып жатыр. Бір орынға – 18 үміткер! Бұл азаматтардың бастамаларының астарында дәрігер, әлеуметтік қызметкер, шағын және орта бизнес, мәдениет пен спорт өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, ғылым қайраткерлері, т.б. тұрған жоқ. Бұның астарында тәжірибе тезінен өткен жандардың қаланың түрлі бағыт пен саладағы даму жолына көзқарасы тұр. Бүгін партияішілік праймериз аясындағы үгіт-насихат науқанымен таныстым. Үміткерлер сайлауалды бағдарламаларын ұсыныпты. Олардың осы іске бел шеше кіріскені қуантты, - деді Алтай Көлгінов.

Сол сәтте ол ұсынылған бағдарламалардың ішінде қала мен тұрғындар үшін маңызды бағыттарды атап өткен. Олар – тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының модернизациясы, баспана бағдарламаларына енгізілетін қосымша механизмдер, шағын және орта бизнеске жағдай жасау, жастарға алғашқы еңбек тәжірибесін алуға көмек сияқты істер.

Үміткерлер ерекше қажеттілігі бар жандарға кедергісіз орта қалыптастыру мәселесін де ұмытпаған екен. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында осы бағыттардың дамуына мән берген болатын. Қалалықтардың бұл мәселелер жөнінде әлеуметтік жауапкершілігі мен азаматтық ұстанымы бары қуантпай қоймайды. Ел бойынша праймеризге қатысып жатқандар саны бойынша көшбасшы – біздің қала. Барлық үміткерлерге табыс пен өз тұлғасына сенімді болуын тілеймін! - деді әкім.

Осы орайда, ол праймериздің өзінің өңірі мен елінің дамуына үлес қосуға дайын азаматтардың барлығы үшін әлеуметтік баспалдақ екенін де атап өтті.

Дауыс беруге қатысып, үміткерлердің сайлауалды бағдарламаларымен танысу үшін «Праймериз» ақпараттық жүйесінде авторизация жасадым. Онлайн дауыс беру 1-3 қазан аралығында өтеді. Праймеризде алдағы ҚР Парламенті Мәжілісіне немесе мәслихаттарға болатын сайлауға партия тізімдері жасақталады, - деп жазды Алтай Көлгінов.

Өзгелердің жаңалығы