Әлем кубогы: Қазақстан боксшылары финалда кімдермен қолғап түйістіреді?

Қазақстан құрамасы Әлем кубогының финалында бес салмақ дәрежесінде чемпиондық атаққа таласады.

 Ұлттық олимпиада комитеті Кеше 2026, 23:27
Кеше 2026, 23:27
268
Фото: Ұлттық олимпиада комитеті

Ертең, 21 маусым күні Қытайда өтіп жатқан бокстан Әлем кубогының финалдық жекпе-жектері өтеді. Қазақстан құрамасының бес боксшысы жарыстың шешуші кезеңіне жолдама алып, алтын медаль үшін шаршы алаңға шығады.

Күндізгі сессияда әйелдер арасында 54 келі салмақта үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай Италия өкілі, әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Сирине Чараабимен кездеседі. Қос спортшы бұған дейін өзара қолғап түйістірмеген.

60 келіде Виктория Графеева Париж Олимпиадасының чемпионы, Тайпей боксшысы Лин Юй-Тинмен күш сынасады. Бұл да қарсыластардың алғашқы кездесуі болмақ.

Ерлер арасында 70 келіде Қазақстан намысын Абылайхан Жүсіпов қорғайды. Оның қарсыласы – Үндістан боксшысы Дипак. Спортшылар бұған дейін бір-бірімен кездеспеген.

Кешкі сессияда 50 келі салмақта Санжар Тәшкенбай Өзбекстанның Азия чемпионы Асилбек Жалиловпен жұдырықтасады. Бұған дейінгі екі кездесуде қазақстандық боксшы жеңіске жеткен.

Ал аса ауыр салмақта (+90 келі) Айбек Оралбай Германия өкілі Никита Путиловпен рингке шығады. Былтыр Астанада өткен Әлем кубогының финалында қос боксшы кездесіп, Айбек Оралбай басым түскен еді.

Осылайша, Қазақстан құрамасы Әлем кубогының финалында бес салмақ дәрежесінде чемпиондық атаққа таласады. Жанкүйерлер ел спортшыларының табысты өнер көрсетіп, қоржынға алтын медальдар салуына үміт артып отыр.

Наверх