Бас жаңалықтар
Үкімет мүшелері Қостанайда жаңа әлеуметтік шараларды түсіндірді
04 Сәуiр 2019, 21:19 675

Үкімет мүшелері Қостанайда жаңа әлеуметтік шараларды түсіндірді

Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкімет мүшелері Қостанайда әлеуметтік бағытта қолға алынып, атқарылып жатқан шараларды түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Делегация құрамында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова бар.


Жұмыс тобы алдымен таяуда ғана қоныс тойын тойлаған Әуежай шағын ауданындағы көпбалалы отбасының шаңырағына бас сұқты. Сегіз бала тәрбиелеп отырған жанұяға «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында меценат Игорь Ким баспана кілтін табыс еткен болатын. Үкімет өкілдерін қарсы алған отанасы қуанышты көңіл-күйін жеткізді.

«Бұрын анда-мында пәтер жалдап, ұзақ уақыт үй кезегінде тұрдық. Екі ұлым – студент. Осындай сый ұсынған кәсіпкер азаматқа мол алғыс айтамын. Елбасы бастамасымен әр балаға 21 мың теңгеден жәрдемақы белгіленіп жатыр. Енді осы айдан бастап 165 мың теңге алатын болдым», - деді Жанна Шәкірова.


Іссапары Қостанай ауданында жалғасқан Үкімет мүшелері жергілікті «Азаматтарға арналған үкімет» мекемесі мен жұмыспен қамту орталығын аралап, «Алтын дән» мәдениет үйіндегі мәжіліске қатысты. «Нұр Отан» партиясының ХVIII cъездінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аз қамтылған отбасылар мен аса мұқтаж азаматтарды қолдауға және білім, денсаулық мәселелерін шешуге бағытталған «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын ұсынған болатын. Жиында осы бастама жөнінде кеңінен сөз етілді.

«Үкімет делегациясы жаңа әлеуметтік шараларды түсіндіру мақсатымен осымен алтыншы өңірге келіп отыр. Бүгін ғана республикалық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде Сенат отырысында қаралды. Барлық ұсыныстар қолдау тапты. Заңдық негізде мүмкіндіктеріміз бар, енді осы бағытта жұмыс істейміз. Алдағы үш жылда осы «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 2,3 трлд теңге бөлінеді. Биыл 444 млрд теңге қаралып отыр», - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев бағдарламаның бағыттарына тоқталып, атаулы әлеуметтік жәрдемақының талаптары өзгеретінін атап өтті. Мұндай көмекті осы уақытқа дейін 530 мың отбасы алып келсе, сәуір айынан бастап бұл санаттағылар 830 мыңнан асады.

«Маусым айынан бастап, бюджет саласында ең төменгі жалақы алатын қызметкерлердің айлығы 15-30%-ға дейін көбейетін болды. Негізінен бұл игілікті білім, денсаулық, мәдениет, спорт, әлеуметтік қамту саласының қызметкерлері көреді. Облыстық, қалалық, аудандық әкімдіктерде тікелей халықпен жұмыс істейтін қызметкерлердің де айлығы 25%-ға дейін ұлғайтылады. Қолдағы деректер бойынша, бұл қызметте 1 млн 100 мың қазақстандық жүр», - деді Бердібек Сапарбаев.


Білім саласындағы қызметкерлердің айлығы 30%-ға дейін өседі. Бұл жөнінде Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова айтты.

«Тәуелсіздік жылдары 1672 мектеп бой көтерді. Қостанай облысында 23 білім ошағы салынған. Қазір 190 мектептің құрылысы жүріп жатыр, оның үшеуі осы өңірде. Алдымен үш ауысыммен оқытылатын, апатты жағдайда тұрған мектептердің мәселесін шешуді көздеп отырмыз. Мұғалімдердің білімін көтеру жұмыстары қарқынды жүргізіле бермек. Алдағы үш жылда 144 мың ұстаз біліктілігін арттырады», - деді Күләш Шәмшидинова.

Жиыннан соң Үкімет мүшелері азаматтарды жеке қабылдап, мәселелерін тыңдады.

Аслан ҚАНҒОЖИН

Фото: автордан

 

 

Загрузка...

Сізден жаңалық