Үкімет 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп берді

21 Мамыр 2019, 11:48
1724
Бөлісу:
Үкімет 2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Сенатта ҚР Үкіметі мен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің «2018 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы» есептері таныстырылды.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Әлихан Смайылов Үкімет есебінің қорытындысын назарға ұсынды.

«2018 жылғы республикалық бюджет шығыстарының негізгі басымдықтары аграрлық секторды, шағын және орта бизнесті дамыту, индустрияландыру, экономиканы цифрландыру, көлік инфрақұрылымын және әлеуметтік саланы дамытуға бағытталды. Республикалық бюджеттің көлеміндегі әлеуметтік шығыстардың үлесі 44% болып қалыптасты. 2017 жылы бұл көрсеткіш 34% болған. 2018 жылғы республикалық бюджеттің негізгі көрсеткіштері толығымен орындалды деп айта аламыз», - деді Әлихан Смайылов.

Қаржы министрінің мәліметінше, трансферттерді қоспағанда кірістер 102,3%-ға асыра орындалды. 2017 жылмен салыстырғанда өсу қарқыны 116,7% құрады. Ал шығыстар өте жоғары деңгейде игерілді. Үнемдеу мен бөлінбеген Үкімет резервінің сомасын қоса есептегенде таза игеру 99,99% құрады. 2017 жылмен салыстырғанда бюджет тапшылығы 2 есе азайды.

«Мемлекеттік борыш есепті жылдың соңында 15 трлн 387 млрд теңгені құрады. Бұл жалпы ішкі өнімге шаққанда 25,8%-дан төмен. 2017 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 1 трлн 883 млрд теңгеге өсті. Негізгі себебі - бюджет тапшылығын қаржыландыру және теңге бағамының шетел валюталарына қарағанда әлсіреуі. Борыштық жүктеме қауіпсіз деңгейде қалып отыр. Ол кірістермен салыстырғанда 12,2% құрады. Бекітілген шекті деңгейі - 15%», - деді Смайылов.


Өзгелердің жаңалығы