Үкімет 2 миллионнан астам адамға көмектесетін болды

2 Сәуір 2020, 10:12
1777
Бөлісу:
Үкімет 2 миллионнан астам адамға көмектесетін болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Азаматтардың жекелеген санаттары үшін азық-түлік пен тұрмыстық жиынтық беруге 30,8 млрд теңге көзделеді. Осы шаралар жалпы 2 миллионнан астам адамды қамтитын болады. Бұл туралы ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары әрі қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты.

Вице-премьер үкімет қарауына "2020 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы" ҚР президенті жарлығының жобасын ұсынды.
Бүгінгі таңда әлем экономикалық дамудың баяулауы және коронавирустық инфекцияның таралуы сияқты екі ғаламдық қауіп-қатермен бетпе-бет келіп отыр. Бұл бір-бірімен байланысты факторлар бизнеске, халыққа және біздің экономикамызға соққы болды. Сондықтан сіздердің қарауларыңызға  ұсынылған президенттің жарлығы осындай қиын жағдайда экономиканы, шағын және орта бизнесті, халықты қолдауға және бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Республикалық бюджеттің кірістері 6,4 трлн теңге көлемінде бағалануда, - деді Әлихан Смайылов.
Ол осы ретте жағымсыз факторлардың әсерінен қосылған құн салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы, табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін түсетін түсімдердің төмендеуі күтілетінін айтты.
Төтенше жағдай кезінде халықты және экономиканы қолдауға бірнеше бағыт бойынша қосымша шығыстар көзделеді. Экономикалық тұрақтылықты және төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге біратар шаралар қарастырылып отыр. Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыруға 1 трлн теңге бағытталатын болады. Инфрақұрылымдық жобалар іске асырылады және 250 мың жұмыс орны ашылады. "Бизнестің жол картасын" іске асыруға қосымша 84,5 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр, - дейді үкімет басшысының орынбасары.

Оның айтуынша, бағдарламада кәсіпкерлердің кредиттері бойынша субсидиялау және кепілдендіру арқылы кәсіпкерлікті қолдау шараларын күшейту көзделіп отыр. 
Бұл шамамен 16 мың жұмыс орнын ашуға және 250 млрд теңгеден астам салықтың түсуіне мүмкіндік береді. Азаматтардың жекелеген санаттары үшін азық-түлік-тұрмыстық жиынтық беруге 30,8 млрд теңге көзделеді. Осы шаралар жалпы 2 млн астам адамды қамтитын болады, - дейді қаржы министрі.

Яғни нақтылау аясында "Еңбек" бағдарламасын іске асыруға 50 млрд теңге қосымша шығыстар көзделеді екен.
Нәтижесінде жаппай кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік тұрғыдан осал халықты қолдау, еңбек делдалдығы мен шеберліктің тиімді моделін жасау жұмыстары жалғастырылады. Коронавирустық инфекцияның таралуы бойынша ағымдағы жағдайды ескере отырып, президенттің карантинге тартылған медициналық және басқа да қызметкерлерге қосымша ақы төлеуді жүзеге асыруды тапсырды. Аталған мақсаттарға 40,5 млрд теңге бөлу көзделіп отыр, - деді Әлихан Смайылов.

Өзгелердің жаңалығы