Қазақтың Қанышы

12 Сәуір 2021, 09:12
26213
Бөлісу:
Қазақтың Қанышы
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 12 сәуір – елімізде ғылым саласы қызметкерлерінің күні. Бұл күннің осы атауға ие болуының бірден-бір себебі – Қаныш Сәтбаев. Себебі дәл бүгін қазақ академигі, ғалым-геолог әрі Қазақстан ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев дүниеге келген күн.

Қаныш Сәтбаевтың орны ерекше. Ғалым-геолог еліміздегі ғылым саласын қалыптастырды. Осы ретте атаулы күнге орай Академик Қ.Сәтбаев мемориалдық музей директоры Бақытжамал Айтмұхамбетова BAQ.KZ-пен ғалымның еңбек жолы, тарихы туралы ақпаратпен бөлісті.

Тарихта есімін бір ғана ұрпақ емес, бірнеше буын әз тұтып, аңыз-әфсанаға айналдырып, көтеріп кетіп отыратын жекелеген тұлғалар болады. Қаныш Сәтбаев есімі солардың қатарында. Қазақтың, Қазақстанның ғылымы десек көз алдымызға Қаныштың бейнесі, Қаныш десек ғылымымыздың жағдайы келетіні де содан. Қазақстан ғылымы ұлықталатын күннің қазақтың алғашқы кәсіби тау-кен инженері-геологының, елдегі Ғылым академиясының негізін қалап, тұңғыш президенті болып сайланған ірі ғалымның туған күніне орайластырылуының символдық мәні де осында, - дейді музей директоры.
Қазақтың Қанышы

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев сонымен бірге қазақтан шыққан алғашқы ғылым докторы, Шығыс елдері ғалымдары арасында ғылым мен техника саласындағы алғашқы КСРО ҒА академигі, солардың ішіндегі ғылым мен техника саласы бойынша берілетін КСРО Мемлекеттік сыйлығы мен Ленин сыйлығының алғашқы лауреаты. Сәтбаев – еліміздегі геологиялық қызметтің негізін қалаушы.

Азан шақырып қойған аты — Ғабдул-Ғани

Қ. Сәтбаев 1899 жылы 12 сәуірде Семей губерниясы Павлодар уезіне қарасты Ақкелін болысының №4 ауылында, Орта жүздің Арғын тайпасының Қаржас (сүйіндік) руынан шыққан Имантай би Сәтпайұлының отбасында дүниеге келді. Азан шақырып қойған аты — Ғабдул-Ғани, анасы Әлима еркелетіп Ғаныш, Қаныш деп кеткен. Бала Қаныш сол аяулы анадан ерте айырылған. Мейірімді білім-ілімнен іздеп, кітап-қағазға жасынан бас қойған. Ауыл мектебінде молдадан тіл сындырып, кейін Павлодардағы екі басқышты орыс-қазақ гимназиясына түседі. Онда кейін мәшһүр жазушыға айналатын Жүсіпбек Аймауытовпен қатар оқиды. Гимназияны бітіріп, Семей мұғалімдер семинариясында оқиды.

Қазақтың Қанышы

(сурет - Қаныш оқыған мектеп)

Мұхтар Әуезовпен, Әлкей Марғұланмен бірге оқиды. Сұлтан Гимназияны бітіріп, Семей мұғалімдер семинариясында оқиды, Сұлтан-Махмұт Торайғыровпен, Ахмет Байтұрсынұлымен, Міржақып Дулатовпен танысып, араласады. Семинарияда белгілі өлкетанушылар – ағайынды Белослюдовтар, ерлі-зайыпты оқығандар – Нұрғали және Нәзипа Құлжановтар сабақ берген. Бірақ Семейдің ауа райы жақпай, Қаныш бітіру емтиханын экстерн тапсыруға мәжбүр болады. Көкірек ауруы асқынып, 1920-1921 жылдарды елде өткізеді, қымызбен емделеді. Сол 1921 жылы досы, Сібір технология институтының студенті Әлімхан Ермеков оны Томда тұратын геология профессоры, болашақ академик М.А. Усовпен таныстырады.

Қазақтың Қанышы

(Сурет - Қаныш Баянауылда)

Қаныштың студенттік шағынан кітап жазған И. Лозовскийдің айтуынша, жиырма екі жастағы жігіттің Баянауылға қымыз ішуге келген Сібір технология институтының профессорымен жақын араласуы, оның геология жайында айтқан әңгімелері ендігі өмір жолына күрт бұрылыс әкеліп, Том институтына түсуіне жол ашады.

Қазақтың Қанышы

Қаныш технология институтын 1926 жылы үздік бітіріп, тау-кен инженері-геологы мамандығы бойынша диплом алған алғашқы қазақ ретінде Халық шаруашылығы Орталық Кеңесінің қарамағына жіберілді. Сөйтіп кейін әлемдегі аса ірі мыс кенішіне айналатын Қарсақпайда өткізетін он бес жылдық өмірі басталады. Бұл жерде оған «Атбасцветмет» тресінің геология бөліміне басшылық жасау тапсырылады. Бөлімнің міндетіне қос бірдей комбинаттың — құрамына Қарағанды көмір бассейні, Өспен мыс кеніші, Спасс мыс қорыту зауыты енген Спасс комбинатының және жаңадан салынып жатқан Қарсақбай мыс қорыту зауытынан, Байқоңыр көмір шахталарынан, Жезқазған мыс кеніштерінен және Қорғасын кен орнынан тұратын Қарсақбай комбинатының қажетін өтеу кірген. 

Зайыбы екеуі он екі баланы аман алып қалады

Сәтбаевтың алдына үлкен міндет — Жезқазған-Ұлытау ауданында пайдалы қазбалардың босалқы қорын жоспарлы түрде анықтап білу бойынша алғашқы стационарлық геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізу міндеті қойылады. Бұл жердің табиғаты қатал, жазы қуаң, қысы қытымыр. Қатынас жолдары жоққа тән. Негізгі көлік — түйе, өгіз арба. Қаныш өмірінің білгірі Медеу Сәрсеке ағамыз жазғандай, ең таяу теміржол стансасына дейін 430 верст, су жоқ, айнала құлазыған меңіреу дала, суырдың түндігіндей болып әр жерде бір-бір үй отырады. Мына қолға алынып жатқан тірлікке мамандықтары да, кәсібі де, сауаты да келмейді. Сырттан кісі шақырсаң, екі-үш айдан кейін қашып кетеді. Мыс қорыту үшін отын керек. Көп отын. Ал ол жоқ. Қарағанды көміріне дейін жеті жүз шақырым...

Оның үстіне Қарсақбайды қолға алу ісі қазақ даласын жайпаған ашаршылықпен шаппа-шап келді. Ауылдар қаңырап қалды. Қаныш бұрғылау қондырғыларына өліп-талып әрең жеткен қандастарын аштан өлтірмеу үшін әйтеуір жұмысқа ала берген, сөйтіп оның бөлімі бір жылда мың адамға жеткен. Бірде қарындасы тұратын ауылға келген ол кірпіктері қимылдап жатқан балаларды көріп, оларды түгел әкетеді. Зайыбы екеуі он екі баланы аман алып қалады. Солардың бірі — Кемел Ақышев кейін Алматы түбіндегі әйгілі «Алтын адамды» табатын белгілі археолог атанды. 

Сәтбаевтың еңбектері

1932 жылы Қ. Сәтбаев алғашқы ғылыми еңбегі «Жезқазған мыс кені алабы және ондағы минералды ресурстар» монографиясын жарыққа шығарды. Оған дейін Жезқазғанның рудаларындағы мыстың көлемі ағылшын мамандары мен ХКК жанындағы Геологиялық комитет қызметкерлері айтатындай 60 мың тонна емес, 2 млн тоннадан асатындығы анықталған.

Қазақтың Қанышы

Соғыс қарсаңында ғалым 1927-1928 жылдары «Жаңа мектеп», «Қазақстан халық шаруашылығы» және т.б. басылымдарда жарияланған «Жезқазған алабындағы кен орындары» атты көлемді еңбегін аяқтайды. Он бес жылда бұл зерттеу ауқымды монографияға дейін өскен. Осы еңбегі үшін Қаныш Имантайұлына екінші дәрежелі Сталин сыйлығы беріледі. Шын мәнінде бұл марапат соғыс кезінде елге арзан мыстың мол қорын берген Үлкен Жезқазғанды ашу еңбегінің еленуі еді. Оған дейін Сәтбаев 40-тан аса ғылыми еңбек жазған. Кейбіреулері салиқалы диссертацияға татитын. Осыны ескере келіп, Жоғары аттестаттау комиссиясы 1942 жылғы 17 тамызда ғалымға еңбектерінің жиынтығы бойынша геологиялық-минерологиялық ғылымдардың докторы ғылыми дәрежесін береді.

1946 жылы маусымда Қ.Сәтбаев Қазақстан ҒА-ның алғашқы Президенті болып сайланды. Бұл іске алдын ала дайындық жүргізілген: 1944 жылы-ақ ғалымның басшылық етуімен арнаулы үкіметтік комиссия құрылып, оның құрамына КСРО ҒА президенті С.И. Вавилов жетекшілігімен 11 академик енеді. Академия құрылар қарсаңда елде 18 ғылыми-зерттеу институты, 8 сектор, 7 тәжірибелік станса, 3 ботаникалық бақ болған. Қызметкерлердің жалпы саны 1400 адам, оның 57-і ғылым докторы, 184-і ғылым кандидаты. Қ.Сәтбаевтың еңбегі осы әлеуетті ұтымды пайдалана отырып, елдің индустриялық дамуына соны серпін берді. Жаңадан академиялық институттар: ядролық физика, математика және механика, гидрология және гидрофизика, мұнай және табиғи тұздар химиясы, химиялық-металлургиялық, тау-кен-металлургия, ихтиология және балық шаруашылығы, экспериментальдық биология, экономика, философия және құқық, әдебиет пен өнер, тіл білімі институттары ашылды. 

Сәтбаев «Абай жолы» эпопеясына бірінші болып сын айтты

Қаныш Имантайұлы білгір әдебиет зерегі, музыкатанушы еді. Ол «Абай жолы» эпопеясына бірінші болып сын берді, А. Затаевичке қазақтың 25 әнін айтып отырып жаздырды, театрға, өнерге, мәдениетке, тәлім-тәрбиеге байланысты бірталай мақала жазды.

Бүгінде оның есімін қастерлеп еске алып қана қоймай, ол өскелең ұрпаққа қалдырып кеткен білімдік жәдігерді түптеп, түйсіне зерделеу қажет. Яғни, оның еңбегін танып-таныту ісі болашақ буындардың да еншілі ісі болуы тиіс.

Академик Қ.Сәтбаев мемориалдық музейі

Қ. Сәтбаевтың ғылыми мұрасын насихаттау бойынша 1987 жылы, сол кездегі ҚазКСР Министрлер Кеңесі төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған қаулымен ашылған ғалымның мемориалды музейі тынбай еңбектеніп келеді. Музейдің тамаша сәулеттік кешені - Ұлттық Ғылым академиясы ғимаратында орналасуы біз үшін мақтаныш. Мұның өзі келушілерге өткен онжылдықтардың ауасын тікелей қабылдап, сезінуге мүмкіндік береді. Сәтбаев құрған Ғылым академиясы отандық ғылымның тайқазанына айналып, еліміздің ғылыми және мәдени өмірінде лайықты орын алып келеді.

Қазақтың Қанышы

Қазірде музей зерттеу жұмыстарын жүргізіп, білім және тәрбие беру қызметімен айналысады, Ғылым академиясының тұңғыш президентінің өмірі мен қызметін насихаттайды. Музей залдары кісіден арылмайды, келетіндер - жасы, мамандығы әртүрлі адамдар, қала қонақтары. Міне, 30 жылдан аса уақыт музей «Мәдени мұра», «Тарих толқынындағы халық», «Рухани жаңғыру» секілді ірі жобаларға қатысушы. Музей — тарихтың, дәстүрдің, көрнекті адамдарымызды есте қалдырудың ұясы десек, «Академик Қ. И. Сәтпаевтың мемориалдық музейі» мемлекеттік мекемесі де осы қатарда, - дейді Бақытжамал Айтмұхамбетова.
Сәтбаев – ғылым әлеміндегі қасиет шалған тұлға, ендеше оның музейі де бұдан құралақан емес. Бұл жер ол тұтынған заттар, түпнұсқа құжаттар, ол пайдаланған кітаптар арқылы Сәтбаев рухымен толыққанды тыныстап тұр. Мұның барлығы да еліміздегі ұлттық ғылыми, мәдени-тарихи мұраның бір бөлшегі. Осы жерде Елбасы Н.Назарбаевтың Сәтбаевтың бірден-бір биографы Медеу Сәрсекемен сұхбатындағы мына бір сөздерге назар аударайық: «Біз бұрын Кеңес Одағы құрамында болғанда да, қазіргі уақытта да Қазақстанда, қазақ халқында дәл Қаныш Сәтбаевтай әлем білген бірде-бір ғалым болған емес. Мен Қаныш Имантайұлын қазақ ұлтындағы ғана емес, жалпы бұрынғы Одақта жасаған үркердей ұлы адамдардың санатына қосамын. Мен бұл бағаны дүниеде ең әділ шешім шығарып, нені де өзінің заңды орнына қоятын, күмәнсіз әділ қазы болып саналатын Уақыт және Тарих дейтін мәртебелілердің берген бағасы дер едім!».

Қазақтың Қанышы

2019 жылы Ұлттық Ғылым академиясында Қаныш Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толуына орай «Қ.И.Сәтбаев: ҚҒА тұңғыш президенті, ғылымды ұйымдастырушы, кемеңгер ғалым және қоғам қайраткері»  атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оны ұйымдастыруға Қ.И.Сәтбаевтың мемориалдық музейі ұйытқы болды. 

Қазақтың Қанышы

Экспозицияны Бек Қазанғапов бастаған суретші-дизайнерлер тобы құрды. Мұнда ғалымның өмірі мен қызметіне қатысты жеке заттар, құжаттар мен материалдар орналастырылған, жұмыс кабинетінің жағдайы қалпына келтірілген, кеңес, отандық және әлемдік ғылымның алтын қорына енген академиктің еңбектері, минералды кендердің үлгілері бар стендтер ұсынылған.

Мәселен, 1926 жылғы фотосуреттер мен құжаттар алыстағы Баянауылдан шыққан қарапайым жігіттің Томск технологиялық институтының дипломымен қазақтың алғашқы кәсіби тау-кен инженер-геологы болғанын баяндайды. Содан бері инженер-геолог Қаныш Сәтбаевтың өмірі Қазақстанның аса бай жерасты табиғи байлықтарын, ең алдымен орасан зор Жезқазған өңірінің минералдық ресурстарын барлаумен, зерттеумен және өнеркәсіптік игерумен байланысты болды.

Қазақтың Қанышы

Оқушылар экспедицияларда жұмыс істеген және Жезқазған шахталарына түскен геологиялық жабдықтарды аса қызығушылықпен қарайды. Келушілер витриналарға кен, тау тастарының үлгілері ғана емес, сонымен қатар Қаныш Имантайұлы қолының жылуын еске алатын домбыра мен Александр Затаевичтің қазақ халқының әндер жинағы орналастырылғанына таң қалады. Ғалым Александр Викторовичтің қазақ музыка мәдениетінің дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады. 1920 жылдардың соңында Мәскеуде ол Сәтбаевтың орындауында домбырада 25 халық әнін жазған Затаевичпен кездесті. Олар Затаевичтің әйгілі жинағына кірді. Мұражайға атақты музыка жинаушының домбырасы мен екі кітабын геологтың үлкен қызы, медицина ғылымдарының докторы Ханиса Сатпаева сыйға тартты.

Қазақтың Қанышы

Ғалымның өмірінің барлық кезеңін бейнелейтін фотосуреттер, құжаттар мен марапаттар кәсіпорындар мен академиялардың, достар мен серіктестердің көптеген сыйлығының жанындағы стендтерде орналасқан. Сәтбаевтың жеке кітапханасы сақталып, өз орнын алды. Біз заманауи мультимедиялық технологияларды да белсенді қолданатынымызды атап өткім келеді. Интерактивті дүңгіршектер, плазмалық теледидарлар және заманауи фото-және бейнематериалдар ауқымды анықтамалық ақпаратты көрсетеді.

Қазақтың Қанышы

2014 жылы Caspian Offshore Construction LLP компаниясы «Қаныш Сәтпаев» ғылыми-зерттеу кемесін іске қосты, оның макетін де экспозициядан көруге болады.

Қазақтың Қанышы

(Сурет - Қ.Сәтбаев атындағы ҒЗ кемесі)

Бүгінде Қазақ Ұлттық техникалық университеті, Ертіс-Қарағанды арнасы Қ. Сәтпаев есімімен аталады. Қарағандыда, Павлодар, Атырау, Көкшетау, Жезқазған, Сәтпаев, Степногор қалаларында ескерткіш қойылған, елді мекендерде кеуде мүсіні тұр, өмірі мен ғылыми қызметіне арналған музейлер бар. Ондаған мектеп, көше, геология институты, Жезқазған таукен-металлургия комбинаты, кіші ғаламшар, жаңа «Сатпаевит» минералы, Іле Алатауындағы қарлы шың, гүлдер сұрыптары ғалымның қастерлі атын иеленген.

Өзгелердің жаңалығы