Қазақстаннан көшіп кеткен азаматтар зейнетақы төлемін қалай шешіп алады?

23 Ақпан 2021, 15:47
2253
Бөлісу:
Қазақстаннан көшіп кеткен азаматтар зейнетақы төлемін қалай шешіп алады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуге рұқсатты ресімдеу мақсатында соңғы тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарының көші-қон қызметінің аумақтық бөлімшесіне немесе халықтың көші-қон саласындағы реттеуді жүзеге асыратын ІІМ-ге жүгіну қажет. 

Елімізден тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуге байланысты зейнетақы төлемдерін алу үшін мыналар қажет: 

- Заңда белгіленген тәртіппен тұрақты тұруға кетуді ресімдеу,

- БЖЗҚ-ға құжаттар топтамасын тапсыру. 

Шетелге тұрақты тұруға кетуге рұқсатты ресімдеу кететін азамат Қазақстан Республикасының аумағында орындалмаған міндеттемелердің жоқтығын растауы үшін қажет.

Өтініш берушіде «Жеке тұлғалар» Мемлекеттік деректер базасында «ҚР аумағынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуге байланысты ҚР уәкілетті органы берген құжаттардың жарамсыздығы туралы» мәліметтер болған жағдайда ғана БЖЗҚ зейнетақы төлемдерін жүргізуге құқылы. Мұндай жағдайларда зейнетақы жинақтарын төлеу 10 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

Егер кететін азамат алдымен басқа елдің азаматтығын рәсімдеп, содан кейін ҚР консулдығына Қазақстан Республикасы азаматының паспорты мен жеке куәлігін тапсырса, онда «Жеке тұлғалар» Мемлекеттік деректер базасына «Азаматтығынан айырылуына байланысты ҚР уәкілетті органы берген құжаттардың жарамсыздығы туралы» мәліметтер енгізілетін болады. Алайда, мұндай белгімен БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын төлеуді жүзеге асыруға құқылы емес.ҚР аумағынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуге байланысты төлемге өтінішті орындаудан бас тартуды болдырмау үшін, ең алдымен, белгіленген тәртіппен шығуды ресімдеу және осыдан кейін ғана басқа елдің азаматтығын ресімдеу қажет, - делінген Бірыңғай зейнетақы қорының хабарламасында.

Өзгелердің жаңалығы