Қазақстанда 10 мұнай-газ жер қойнауы аукцион арқылы сатылады

28 Қазан 2020, 12:57
1595
Бөлісу:
Қазақстанда 10 мұнай-газ жер қойнауы аукцион арқылы сатылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстандағы 10 мұнай және газ жер қойнауы учаскелері онлайн аукцион арқылы сатылатыны туралы ОКҚ-да өткен онлайн брифинг кезінде ҚР Энергетика вице-министрі Жанат Жахметова хабарлады.

Биыл 1 қыркүйек айынан бастап жер қойнауын пайдалану құқығын алуға мүдделі тұлғалар аукцион өткізуге онлайн режимінде өтініш беруді бастады.

2020 жылы Қазақстанда 10 мұнай және газ жер қойнауы учаскесін электрондық аукцион арқылы сату жоспарланып отыр. Олардың жалпы бастапқы мөлшері 400 млн теңгені құрайды. Қазіргі уақытта аукционға қатысуға 30-дан астам өтініш келіп түсті, - деп атап өтті Жанат Жахметова.

Оның айтуынша, көмірсутектерді игеру және өндіру үшін мемлекет ұсынатын учаскелердің жалпы ауданы шамамен 29 мың шаршы шақырымды құрайды.

Электрондық сауда-саттықты өткізу 2020 жылғы 23 желтоқсанына жоспарланған. Қатысу үшін өтінімдер 29 қарашаға дейін қабылданады. Бұл игеруге құқығы электрондық тәсілмен іске асырылатын алғашқы учаскелер. Осы уақытқа дейін аукциондар «көзбе-көз» режимде өтіп келді. Айта кетсек, қатысушыларға, тіпті егер игеруге шетелдік компания үміткер болса да аукцион залдарына бару қажет болатын. Енді карантин шараларына байланысты және көптеген халықаралық әуе рейсі тоқтатылғандықтан сауда-саттық электрондық тәсілмен жүргізілетін болады, - дейді вице-министр.
Жахметова мұндай тәсіл мемлекеттік органдарды да, бизнесті де айтарлықтай шығындардан босатады дейді. 

Сауда-саттыққа шығарылған 10 учаскенің барлығы Қазақстанның Атырау облысының аумағында орналасқан. 

Аукционның іске қосылуы туралы ақпарат бірқатар қазақстандық БАҚ-та және Ресей, Украина және Әзербайжанның ақпараттық ресурсында жарияланды.

Өзгелердің жаңалығы